ЛОР-инфекциялар МӘМС аясында қалай тегін емделеді

Қызылорда қаласының тұрғыны Айнұр «Мед Ай-Ерке» клиникасына тіркелген. Учаскелік дәрігерден жолдама алып, мұрынның бітелуі, жиі түшкіру, бас ауыруы секілді шағымдармен отоларингологқа жүгінген. Диагноз - ринит. Пациентке заманауи ЛОР-комбайн арқылы қажетті ем жүргізілді.
- Мұрынды жуғаннан кейін бірден жеңілдеп қалдым. Дәрігер тамақ пен құлақты да тексерді. Өйткені, бәрі бір-бірімен байланысты. Сонымен қатар, УДЗ, ЭКГ тексерулерінен өттім, үнемі талдауларды тапсырамын. Осы қызметтердің бәрін МӘМС аясында тегін, жылдам әрі сапалы түрде аламын, - дейді Айнұр.

- ЛОР-комбайн тексеру жүргізіп қана қоймай, бірден ем жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, құлағынан ірің ағатын немесе күкірт тығындары бар науқастарға құлақты тазалап, қабынудың себептерін анықтаймыз. Қажет болған жағдайда МӘМС аясында стационарлық емдеуге жолдаймыз, - деді «Мед Ай-Ерке» клиникасының отоларинголог дәрігері Жанар Шора.