Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

ТІЛ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

Арал аудандық мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған «Тіл – қымбат қазына» атты мерекелік шара өтті. Бұл күн – ұлттың рухани тұтастығын дәріптейтін, тіліміздің мәртебесін асқақтататын ерекше мереке.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев құттықтау сөз сөйлеп, жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді.
– Қадірлі тіл жанашырлары! Сіздерді еліміз үшін аса қымбат мереке – Қазақстан халқы тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тіл – халқымыздың баға жетпес рухани байлығы, ата-бабамыздан ұрпаққа мирас болып қалған асыл мұрасы. Атаулы күннің дәл осы уақытқа белгіленуінің де мәні зор. Себебі 5 қыркүйек – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бүгінде ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекеттік тілдің мерейі үстем болып, абыройы асқақтай берсін! – деді ол.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары аудандағы тіл саясатына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Шара аясында тіл жанашыры ретінде нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің және әкім орынбасарының Алғыс хаттары табыс етілді.
Мерекелік кеш соңы мәдениет орталығы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Толқын» ақпарат
13 қыркүйек 2025 ж. 75 0