Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Тілдер күні мерекесімен құттықтады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Тілдер күні мерекесімен құттықтады

Қадірлі жерлестер! Құрметті тіл жанашырлары!

Сіздерді Қазақстан халықтарының тілдері мерекесімен құттықтаймын!

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл – ұлттық құжатымыз, тіл – кісілік келбетіміз. Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті – тілде жатыр. Себебі, тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы – қатыныс құралы екендігі сөзсіз.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрамыз.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»,- деп атап өткендей Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккен 30 жыл ішінде елімізде мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бағытындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында халықтың тарихи жады қайта тіріліп, өшкені жанғандай, көше, жер-су, елді мекен атаулары араға қайта оралды. Бүгінде қоғамымызда «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік сенім, ертеңгі күнге деген жарқын үміт түбегейлі орнықты.

Мемлекеттік тілдің болашағын назардан тыс қалдырмаған ел президенті биылғы жолдауында да: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.»,- деп ерекше атап өтті.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Халықтарының тілдер күні» 5-қыркүйек болып жарияланды. Бұл қазақ тілі әліппесінің атасы, қазақ лингвистикасының негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл»,- деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай.

Мемлекеттік тіліміз – еліміздің рухани негізі мен ел еркіндігі. Елімізді барша әлемге танытатын басты күштердің бірі әрі берегейі. Сондықтан ұлттық руханиятымыздың ұлықталып, арнайы бір күннің тіл мерекесі болып белгіленуі орынды.

Ардақты ағайын!

Қасиеті терең, құнары мол қазақ тілін өз мәнінде қолданып, жат тілге тәуелді болмай болашақ жас ұрпаққа жеткізу азаматтық парызымыз. Ендігі мәселе – сол ана тіліміздің ұлы көшке ілесіп, қатардан қалмай, алға озуында.

Олай болса, ғасырлар көшінің елге қалдырған ең ұлы аманаты – тіліміздің мерейін асқақтату жолында аянбай еңбек етуге шақырамын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын!

Ізгі ниетпен,
аудан әкімі Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ

05 қыркүйек 2021 ж. 4 557 0