Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Мемлекеттік тілді білу – басты міндет

Мемлекеттік тілді білу – басты міндет

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейтіліп, мәртебесі артып келе жатқаны белгілі. Мемлекеттік органдар іс жүргізу құжаттарын қазақ тіліне көшіріп, ана тіліміздің мәртебесін арттыруға үлесін қосуда. Осы орайда, еліміздің сот жүйесі де мемлекеттік тілге толықтай көшкенін айта кеткен жөн. Іс қағаздары қазақ тілінде толтырылып, сот процесстері мемлекеттік тілде өткізіледі.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу мен іс қағаздарын жүргізу тілі, ол мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылады. Мемлекеттік жергілікті атқарушы және өкілді органдар тілдің дамуы үшін барлық жағдайларды туғызуға міндетті.
Халықтың тілі – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың бой тұмарына айналған ғажайып дүние. Әр халықтың тілі арқылы татулық пен тереңдікке, елдік пен егемендікке бастайтын алтын көпірі салынған. Сол көпірдің беріктігі, өміршендігі – байыпты болашақтың кепілі.
Қазіргі таңда біздің ана тіліміз бойындағы киесімен ұрпақ санасына сіңіп келеді. Бұл – біздің Тәуелсіз ел ретіндегі жетістіктеріміздің тағы бірі.
Мемлекет құжаттардың қазақ тіліне көшіп, мемлекеттік қызметшілердің ана тілінде сөйлеуі – тіл саясатын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан ауқымды шаралар. Қазіргі уақытта еліміздің әр облысында тіл орталықтары құрылған. Солардың көмегімен біз елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан, әлем таныған ел болуымыз үшін мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуымыз керек.

М. ЖИЕНБАЕВ,
Арал аудандық сотының жетекші маманы
---
26 ақпан 2021 ж. 651 0