Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Әрбір ұлт үшін қай кезеңде болмасын өз тілдері қастерлі болмақ. Тіл – ұлтымыздың тарихы мен тәлім-тәрбиесінің негізі. Қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті мемлекет болу – біздің міндетіміз. Сол үшін болашақ ұрпағымыздың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруі тиіс.
Тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт аралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп атап көрсеткен болатын.
Бұл Жолдаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпағымызға тіл үйретумен қатар, қазақ тілін де әлемдік деңгейдегі қолданысқа енгізу болып табылады. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны тұңғыш Мемлекет басшысы 2006 жылы қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ құрылтайында жария етті.Қазіргі таңда кез келген мемлекеттік қызметкер ретінде осы үш тілді жетік меңгеру қажет. Сондай-ақ ағылшын тілі әлемнің 75 елінде ерекше орын алса, 19 елде бұл мемлекеттік тіл болып отыр. Мектеп қабырғасында да оқушыларға ағылшын тілін меңгеру мүмкіндігі кеңінен қарастырылған. Бұл дегеніміз ағылшын тілін үйреніп, сол тілге байланысты әдет-ғұрыптырымен әрекет ету деген емес, әрине.
Адам баласы тіл үйренген сайын оның ой-өрісі кеңейіп, сана-сезімі жоғары деңгейде болары анық. Сондықтан да қолда бар мүмкіндік пен қымбат уақытымызды пайдаланып, тіл үйренгеніміздің зияны жоқ. Орыс тілі де қазіргі қолданыстағы бірінші кезектегі тілдердің бірі болып отыр. Қай мекеме мен қоғамдық орындарға барсақ та, қазақ және орыс тілінде ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылған. Қазақ халқына орыс тілін үйрену де қиынға соқпасы анық.Қазақстан көп ұлтты мемлекет екені барлығымызға белгілі. Соның ішінде осы үш тілді меңгеру арқылы, кез келген ұлт өкілдерімен ақпарат алмаса аларымыз сөзсіз. Сонымен қатар “тіл үйренемін” деп талпынған адамдарға мүмкіндік те көп. Яғни, түрлі курстар мен жеке сабақтар да өз жұмыстарын жүргізіп отыр. Технология дамыған заманда әлеуметтік желілер арқылы қай тілде болмасын онлайн видео кустарға қатыса аламыз. Келешек те қандай маман иесі болмасын үш тілді жетік меңгеруіміз арқылы, кез келген мекеме орындарында қызмет ету мүмкіндігі бар.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, ана тілімізді де назардан тыс қалдыуымызға болмайды. Адамды биікке итеретін ана тілі мен ата дәстүрі. Ана сүтімен бойымызға дарыған өз тіліміз біз үшін қашанда жоғары орында тұрақ. Қанша тіл үйреніп, ой-санамызды кеңге өрістетсек те, өз тілімізді ұмыту мүмкін емес. Келешек жас буынға да осы үштілділікті үлгі етіп қалдырайық. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін есте сақтағанымыз абзал.
Айсәуле НҰРЛАНОВА,
студент
23 ақпан 2021 ж. 8 119 0