ҮШТІЛДІЛІК - ЗАМАН ТАЛАБЫ
Жеті түрлі ілім біл.
Бабалар даналығы
Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — қазіргі кезде заман талабына айналып келе жатыр. Себебі, Елбасымыздың үштілділік жөніндегі “Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын.
Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек. Бүгінгі жастар, ертеңгі ұрпақ үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Ағылшын тілі - қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Сондықтан осы тілді жетік меңгеру арқылы өз еліміз бен жерімізді, мәдениетімізді таныта аламыз. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлем тілдеріне аударылу арқылы барша халық қазақты, Абайды таныды. Біздің салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге қанықты.
Қазірден бастап, біз мектептерімізге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тартуымыз қажет. Кез келген мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып-үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет.
Ағылшын тілі бізге əлемдік аренаға шығу үшін қажет. Бүгінгі таңда əлемдегі шығарылатын оқулықтардың 85 %-ы ағылшын тілінде. Қазақстанда 3,5 мың шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. Үштілділік біз үшін қалыпты жағдай болуы тиіс. Ағылшын тілін білу жастарға əлемнің ең үздік жоғарғы оқу орындарында білім алуға, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде тəжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл кез келген елде кəсіпкерлікпен айналысудың, іскерлік қарым-қатынас жасаудың маңызды құралы болып табылады. Үш тілді қатар меңгеру жас ұрпақтың еркін самғауына жол ашады.
Балауса Төребай