Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл-ұлттық қазына

Тіл-ұлттық қазына

Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым.
Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – еліміздің іргетасы, «Ұлттың қуаты тілінде».
Тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем». «Тіл – асыл ойдың бұлағы». «Тіл –құдірет». «Тіл - тәуелсіздік тұғыры». «Тіл – ұлттың жан дүниесі».
Тіл құдіреті - ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді.
Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздер.
Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық.
Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі –мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қазақтар үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Басты кемшілігіміз – осы.
«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз «Тілден асқан байлық жоқ» тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық.

А. МЕНДЫБАЕВА,
Арал ауданаралық әділет басқармасының бас маманы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі 
26 наурыз 2021 ж. 3 993 0