БУЛЛИНГКЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Курсқа аудан көлеміндегі білім ордаларынан 70 педагог қатысты. Оның ішінде мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар, сынып жетекшілері бар.
Бұл курстың басты мақсаты – мұғалімдерді буллингтің түрлерін, себеп-салдарын терең түсінуге үйрету, оны дер кезінде анықтап, алдын алу әдістемелерімен қамтамасыз ету және қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал ету. Сонымен қатар, оқушылардың арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастықты нығайту, бір-біріне құрметпен қарауды қалыптастыру. Сондай-ақ буллингтің қауіптілігін түсіндіріп, оған жол бермеудің маңыздылығын насихаттау. Әрбір балаға қауіпсіз әрі қолайлы орта құру арқылы олардың еркін дамуына жағдай жасау.
Бұл бағдарлама педагогтер мен мектеп әкімшілігіне нақты әрекет ету жолдарын ұсынып қана қоймай, оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық дамуына серпін беруді көздейді. Екі топқа жиналған ауданның түкпір-түкпірінен келген мамандар өз ойларын еркін айтып, пікір алмасып, өз жобаларын қорғады.
– Білім беру ұйымдарына қойылатын ең басты талап – оқушылардың білім алуына қолайлы, қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыру. Мектеп тек білім беретін орын ғана емес, тұлғаның жан-жақты дамуына, тәрбиесіне және болашаққа деген көзқарасының қалыптасуына ықпал ететін орта болуы тиіс. Әсіресе оқушының өзін еркін сезінуі, құрдастары мен ұстаздар тарапынан сыйластыққа бөленуі – заманауи білім ордасының басты көрсеткіші.
Алайда соңғы жылдары оқушылар арасындағы буллинг мәселесі өзектілігін жоғалтпай, керісінше күшейіп келеді. Бұл құбылыс оқушылардың психологиялық саулығына, әлеуметтік бейімделуіне, тіпті өмірлік көзқарасына кері ықпал етеді, – дейді Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Аймағанбетова.
Курс барысында ұстаздар теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгерді. Сонымен қатар үйренген тәжірибені күнделікті жұмысында қолдану арқылы оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнатып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз.
– Бағдарламаның мақсаты – баланың жан тыныштығы мен рухани саулығын сақтау. Буллингтің алдын алу – тек бір мектептің немесе мұғалімнің міндеті емес, ол – бүкіл білім беру жүйесінің ортақ стратегиясы болуы қажет. 80 сағаттық біліктілікті арттыру курстары педагогтерді теориялық тұрғыдан дайындап қана қоймай, нақты практикалық дағдылармен қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде мектептегі психологиялық қауіпсіз ортаны құруға мүмкіндік береді.
Мұндай жағдайда педагогтердің кәсіби даярлығы ерекше маңызға ие. Себебі мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар оқушының қорғаны, бағыт-бағдар берушісі, жанашыры. Осы мақсатта әзірленген бұл курс – қазіргі заман педагогіне қажетті маңызды бағдарлама.
Жобаның құндылығы – оның теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, мұғалімдерді нақты іс-әрекетке бағыттайтындығында. Теориялық бөлімінде буллингтің психологиялық табиғаты, түрлері мен салдары талданады. Педагогика, психология және құқық саласындағы ғылыми негіздер тыңдаушыға жүйелі білім береді.
Практикалық сабақтарда рөлдік ойындар, тренингтер, жағдаяттық тапсырмалар арқылы мұғалімдер оқушылар арасындағы жанжалдарды шешу, медиация әдістерін қолдану, психологиялық диагностика жүргізу сияқты нақты дағдыларды меңгереді. Әрбір тыңдаушы курсты аяқтаған соң тек теориялық біліммен ғана емес, нақты тәжірибелік құралдармен қаруланады, – деді №81 орта мектебінің педагог-психологы Әділбек Әуезханов.
Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – ата-ана, мұғалім және оқушы арасындағы үштік байланысты нығайтуы. Өйткені буллингтің алдын алу – тек мұғалімнің міндеті емес, бүкіл мектеп қауымдастығының ортақ ісі.
Курстың нәтижесінде педагогтер буллингті дер кезінде тану мен алдын алу әдістерін меңгереді, қақтығыстарды тиімді шешудің жолдарын үйренеді, сыныпта сенімді, қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыра алады, оқушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға белсенді атсалысады.
Айтулы шара – жас ұрпақтың жарқын болашағына, олардың өмірлік көзқарасы мен құндылықтарының дұрыс қалыптасуына, мектептің мәдениетінің нығаюына және қоғамның өркениетке қадам басуына қосылған қомақты үлес. Себебі мұғалім – шәкірт жүрегіне жол сілтеуші, тағдырын қалыптастырушы болып қала береді.
Айдар ӘДІЛЖАНҰЛЫ