Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Мұхтар Әуесұлының төрағалығымен білім саласы қызметкерлерінің кеңейтілген алқа мәжілісі өткізілді.Жиында аудандағы жалпы білім беретін мектептердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүргізілген шаралар барысы талқыланды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Нұрқожақызы мектептермен біріге отырып, ҰБТ – ға, ОЖСБ – ға байланысты жүргізіліп жатқан дайындық шаралары, ұстаздардың біліктілігін арттыру және курсаралық жұмыстар туралы айтты.
Қазіргі таңда бірнеше лекпен «Қамбаш» сауықтыру және қосымша білім беру орталығынан 11 – сынып оқушыларын ҰБТ – ға дайындау жұмыстары жоспарланып, 1 – лекпен 100 бала орталық базасында аудандағы озат тәжірибелі ұстаздардан дәріс алуда.
Алдағы уақытта осындай дайындық жұмыстарының біріне, әсіресе, «Алтын белгі» үміткерлері қамтылған лекке Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдарын тарту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, аудан мектептеріндегі оқушылардың сабаққа келу-қайтуын қатаң бақылауға алу, жасөспірімдердің қоғамдағы жат қылықтардан аулақ болуын қадағалау, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тәрбие саласына қатысты мамандармен және мектеп инспекторларымен бірлесіп атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиынға білім бөлімінің қызметкерлері, аудандағы жалпы білім беретін мектептердің директорлары, оқу ісі, бағдарлы оқыту және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары қатысты.
20 ақпан 2019 ж. 1 120 0