Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өртпен алысқан өмір сақшысы

Өртпен алысқан өмір сақшысы

Өмір мен өлімнің арасындағы сәтте тайсалмай көмек қолын созуға қадам басатын жандар бар. Олар – құтқарушылар. Қай кезде де халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін күресіп жүрген бұл мамандық иелерінің еңбегі – нағыз ерліктің үлгісі. Өрт сөндіруші-құтқарушылардың басты міндеті – тілсіз жаумен арпалысып, адам өмірін, тұрғын үйлер мен табиғат байлығын қорғау. Олар апат айтып келмейтінін жақсы біледі. Сондықтан әрдайым дайындық үстінде болып, қандай жағдай болса да, қауіптің ортасына бірінші болып кіріп, соңғы болып шығады. Күнделікті қызметінде өрт сөндірумен қатар, түрлі төтенше жағдайларда көмек көрсету, зардап шеккен адамдарды құтқару, су тасқыны мен апатты жағдайлардың алдын алу сияқты маңызды істерді атқарады. Бұл мамандық – жоғары жауапкершілікті, батылдықты және темірдей тәртіпті талап етеді. Өрт сөндіруші – қауіпке қарсы жүріп, адам өмірін сақтайтын ең батыл жанның бірі. Сол ерлік пен жауапкершілікті өмірінің мәні еткен жас – Арал аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Жеңісбек Мүдәрісов.
Жеңісбек Мұратұлы 1995 жылдың 5 мамырында Арал қаласында дүниеге келген. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында туған сәбиге атасы жеңіс пен ерліктің символы ретінде «Жеңіс» есімін береді.
Жеңісбек ата мен әженің, ата-анасының махаббатында өсіп, жастайынан еңбекқорлық пен спортқа құштарлықты бойына сіңірді. Оған үлгі болған әкесі – Мұрат Махамбетов гір спортынан Әлем чемпионы, қазіргі таңда Арал қаласындағы №64 орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болса, анасы – Жұмагүл Қосымбаева №13 орта мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар және музыка пәнінің мұғалімі. Ізінен ерген қарындастары Әлия мен Мәншүк ағасының әрбір ісіне қолдау көрсетіп, қамқорлығына риза болып келеді.
Жеңісбек 2012 жылы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепті бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінде білім алады. 2018 жылдың наурыз айынан бастап ол өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп келеді. Қауіп пен қиындыққа толы бұл салада кәсіби шеберлігін көрсетіп, талай сәттерде адам өмірін құтқаруға атсалысты.
Спорт – оның өмірлік серігі. Футбол, жеңіл атлетика және өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыстарға қатысып, аудан мен облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Команда капитаны ретінде өз әріптестерін жеңіске жігерлендіріп, нағыз көшбасшылық қасиетін танытып келеді.
– Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр. Мен де 30 жасқа толдым. Құтқарушылар мерекесі қарсаңында барша әріптестерімді мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, қажымас қайрат, ерен еңбектеріне сәттілік тілеймін, – дейді Жеңісбек.
Өрт сөндірушілердің ерлік істері мен қажырлы еңбегі – жастарға үлгі, ұлт мақтанышы. Олар – батылдықтың, қайсарлықтың, адамгершіліктің символы. Өз ісіне адал, ел тыныштығы үшін аянбай тер төгетін осындай жандар – бүгінгі күннің батырлары. Жеңісбек Мұратұлының өмір жолы жас ұрпаққа үлгі боларлық еңбек пен ерліктің жарқын көрінісі.
Гүлмарал САҚТАПОВА
18 қазан 2025 ж. 23 0