Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметке лайық мамандық иелері

Құрметке лайық мамандық иелері

Құтқарушылар өз басын қатерге тігіп, жанып жатқан өртке де, ағын суға да тіпті қорқынышты биіктік пен иісі адам шыдатпас әжетханаға да қарамастан көмекке зәру жанды құтқарып, миссиясын орындауға ұмтылатын ерекше мамандық иелері. Елімізде осынау құрметке лайық мамандық иелеріне арнайы атаулы, кәсіби мерекелік күн де белгіленген. Әр күні ерлікке бергісіз құтқарушылардың кәсіби мерекесі 1995 жылдан бері 19 қазан күні атап өтіліп келеді. Кәсіби мереке қарсаңында Арал ауданындағы құтқарушылардың қауіппен бетпе-бет келетін бір күні жайлы мақала әзерлегенді жөн көрдік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысын 10-нан 70 пайызға дейін көтеруді тапсырған болатын. Бұл табандылықты, қайраттылықты қажет ететін мамандық иелерінің еңбегіне берілген лайықты баға.
«Шын мәнінде, бұл – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі. Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес, – деді президент.
Жалпы ауданда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты төтенше жағдайлар бөлімі, №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі және Қамбаш елді мекенінде құтқару жасағы бар. Төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі қызметі – төтеннен келген апаттың алдын алу. Тұрғын үй өртін, тасқын судан келген қауіптерді болдырмау.
– Төтенше жағдайлар саласы үлкен алып, оның зардабын жоюға жұмыс істейміз. Мәселен, ауданда тұрғын үй өрті мен суға кету қаупі жиі орын алады.Үстіміздегі жылдың 10 айында 33 төтенше жағдай тіркелді. Бөлімшеде жалпы 109 адам еңбек етеді. Олар төрт ауысым бойынша 24 сағат кезекшілікте жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базамыз толықтай жаңартылған. Түбегейлі қамтамасыз етілген, – дейді Арал аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Шакен Дархан Нұрбекұлы.
Жалпы статистика өрт сөндіруші мамандығын әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіргізеді. Себебі, өрт сөндіруші – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан кез келген жағдайда батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол тілсіз жаудың қанша уақытта өшетінін болжап біле алмайды және келесі өртенген ғимаратта оны не күтіп тұрғанынан бейхабар. Олардың санасына «құтқару» деген ұғым сіңіп қалғаны соншалық, әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын тұрады.
– Төтенше жағдай орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен сәтте қызметкерлер 1 минутта сақадай сай дайын тұрады. Техникалар әрдайым әзер. Қала ішінде болған жағдайда 10 минутта белгіленген жерге жетуге тырысамыз. Ал шеткері аймақтарға орналасқан жерінің қашықтығына байланысты жетеміз. Бірақ барынша жылдам қимылдау біздің басты қағидамыз, – деді бөлімше бастығы.
Бетқаратпас қызыл жалын, арыны қатты тасқын су, тереңдігіне көз жетпес құдықтар, көз аштырмас қар мен боран, үскірік желде қиындыққа тап болған адамды құтқару үшін өз жанын тәуекелге жасау – кез келгенің қолына келе бермейтін іс. Қауіппен бетпе-бет келіп тұрып өз жанының қиылып кетуі мүмкін болса да өзгеге көмегім пайдамыз дейтін осы бір саланың еңбеккерлерінің ерлік істері ел есінде мәңгі сақталып қалады. Күні кешеге дейін еліміздегі түрлі табиғи апат кезінде тәуекелге бел буып, ажал құшып кеткендер қаншама?! Ондай көзсіз батырлармыз ешқашан ұмытылмайды. Қазірде қызметіне адалдықпен қарайтын жандар арамызда да жетерлік. Сол жандардың бірқатарын бөлімше бастығы атап өтті.
– Әрине ешкімді бөле жармаймын. Біздің саладағы барлық еңбеккерлер мақтауға лайық. Өйткені олар тілсіз жауға қарсы күресетін батырлар. Дегенмен де №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қорғаныс майоры Серік Ибраимов, аға инженер азаматты қорғау копитаны Нұрбол Тоғысов, бөлімше командирі Ақбай Сағынбаев, Жақатай Жәнібек ерен еңбегімен танылып жүрген азаматтар, – деді Дархан Нұрбекұлы.
Құтқарушылардың ерен еңбектері мен ерліктерінің арқасында жыл сайын мыңдаған адамның өмірі мен мүлкі төтенше жағдайдан сақталып қалады. Сондықтан құтқарушы мамандары қашанда құрметке лайық!
Н. МАРАТҚЫЗЫ
19 қазан 2023 ж. 315 0