Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрыш қайратты құтқарушылар

Құрыш қайратты құтқарушылар

Құтқарушылар – адам өмірін сақтап қалу жолында ешбір кедергіден тайсалмайтын батыл жандар. Олар үшін әр күн жаңа сынақ, әр тапсырма – өмір мен өлім арасындағы күрес. Қайғылы оқиғалар кезінде бәріміз де үрейге, үмітсіздікке берілуіміз мүмкін. Алайда құтқарушылар сол сәтте салқынқандылық сақтап, көмекке келеді. Бұл – жүрек пен жанның мықтылығы, жоғары жауапкершілік пен кәсіби дайындықтың нәтижесі.
Сала бір сәттік шешімдер мен епті әрекеттерге негізделген. Олар табиғи апаттарда, өрттерде, су тасқынында, тіпті ең күрделі техногендік апаттарда да батыл қадамдар жасайды. Жанкешті құтқарушылар ауданымызда жетерлік. Солардың бірегейі №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирлері, азаматтық қорғау аға сержанттары – Есім Тұрғанбайұлы мен Ержан Темірханұлы.
Бұл жолы Төтенше жағдайлар бөлімінің бір күндік жұмыс барысымен танысуға мекемеге арнайы бардым. Мені Есім ағай мен Ержан ағай қарсы алып, 3 қабатты үлкен ғимаратпен таныстырып шықты. Уақытты бос өткізбей, қоғам үшін аянбайтын «батырлармен» еркін әңгімелестім.
–     1992 жылы Арал қаласында дүниеге келдім. Ж.Әбдірашев атындағы №62 орта мектепті 2009 жылы бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне «Бастапқы әскери дайындық» мамандығымен оқуға түстім. Кейін Жамбыл облысы, Отар қаласында 30212 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Аралға келген соң №260 орта мектебінде мамандығым бойынша 2018 жылға дейін мұғалімдік қызмет атқардым. 4 жылда өзіме біраз тәжірбие жинақтап, жетістіктерге жеттім.
Дегенмен әскери өмірге қызығушылығым мені жібермеді. Бала кезімнен арманым әскери шенді азамат болу еді. Есейіп, мұғалім болып жүргенде де таныстарымнан қызықты да қилы әңгімелерін еститінмін. Сөйтіп, «неге осы салаға келмеске» деген ой болып, 2018 жылы өрт сөндіруші болып жұмысқа тұрдым. Оған да 6 жыл уақыт болыпты. Қазір бөлімше командирімін.
Мамандықты сүйіп таңдау маңызды. Сонда ғана ісіңнің берекесі болмақ. Күнделікті көмегіміз тиген жандардан алғыс алудың өзі бізді марқайтып, төбемізді көкке жеткізеді. Сол арқылы шыңдалып, одан әрі жауапкершілік ала түсеміз. Бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді Есім Әбілқайыров.
Есім ағайға осы сәтте келіншегі қоңырау шалды. Жаңа күннің жарқын бастамасы болған қоңыраудың арғы жағынан құтқарушы ағайдың 2 баласы еркелей сөйлеп кетті.
Мені ары қарай ғимаратпен Ержан аға таныстыра бастады. Өзі салмақты, әр сөзіне нық Ержан Темірханұлы өрт сөндіруші болып қызмет атқару есейе келе таңдалған шешімі екенін айтты.
–     Мен 1995 жылғымын. Осы Арал қаласында туып, балалық шағымды өткіздім. 2002-2013 жылдары №83 мектепте білім алдым. Мектептен түлеп ұшқан мені Ақтөбе қаласындағы М.Тынышпаев атындағы КАЗАТК колледжі күтіп тұрған еді. Онда «Тасымалды ұйымдастыру және басқару» мамандығын бітірдім. Оқу бітірген соң мамандығыммен шет қалаларды ауысымдық (вахталық) әдіспен жұмыс істедім. 2018 жылы қаладағы ТЖБ жаңадан құрылып, жұмысқа адам іздестіре бастады. Басқа қаладан қатынау қиын болғандықтан, отбасыммен ақылдасып, арнайы емтихан тапсырып, жұмысқа орналастым.
Бастапқыда аға өрт сөндіруші болып жұмыс істедім, қазір бөлімше командирімін.
2019 жылы қала әкімінен, 2020 департамент бастығынан, 2021 қызмет бастығынан Алғыс хаттармен марапатталдым. 2022 жылы аудан әкімінің «Батыл жүрек» номинациясының иегерімін. Бәрі халықтың арқасында. Біз үшін ең үлкен марапат – құтқарылған адамның ризашылығы. Олардың көзіне қарап, көмегіміздің босқа болмағанын сезіну – нағыз ерлік сезімі. Қауіптің бетін қайтарып, адам өміріне үміт сыйлаудан асқан нәрсе жоқ, – деп сөзін түйіндеді.
Ержан Назар бүгінде 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, жарының сүйікті отағасы.
Иә, қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала мамандары – өмірдің өз қаһармандары. Олар апаттардың ортасында, ең ауыр сәттерде бізге үміт сыйлайды. Өз өмірлерін тәуекелге тігіп, адамзатқа жасаған қызметтері үшін олар әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
Гүлмарал САҚТАПОВА


19 қазан 2024 ж. 153 0