1 қарашада Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны аяқталады
1 қарашада Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны аяқталады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы хабарлады.1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында әр азамат өз елдімекені шегінде емхананы таңдауға немесе ауыстыруға мүмкіндігі бар. Өтінішті келесі жолдармен беруге болады:
eGov.kz порталы арқылы (онлайн, 1 жұмыс күні ішінде қаралады);
таңдалған емханада жеке өтініш беру арқылы.
Маңызды: бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер емхананы ауыстыруды жоспарламасаңыз, қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Жаңа емхана медициналық көмекті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетеді (Қормен келісімшарт болған жағдайда).
Ұсыныстар:
Барлық отбасы мүшелерін бір дәрігерге тіркеу сапалы бақылауды қамтамасыз етеді.
Үйде медициналық көмек көрсетілу үшін емхананы тұрғылықты жерге жақын (жаяу 15–20 минут) таңдаған жөн.
Бекітуден бас тарту себептері:
өтініштегі дұрыс емес деректер;
басқа елдімекенде тұру;
емханада тіркелгендер санының шектен асуы;
баланы тіркеуге қажетті құжаттардың болмауы.
Емхананы науқаннан тыс та ауыстыруға болады: жылына бір рет еркін таңдау құқығымен, сондай-ақ тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын өзгерткенде немесе бұрынғы емхана жабылған жағдайда.










