ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік қызметшілердің, лауазымды тұлғалардың өз билігін жеке басының пайдасы үшін пайдаланып, заңды бұзуы. Бұл құбылыс кез келген мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізеді. Ол елдегі әділеттілікке, халықтың мемлекетке деген сеніміне үлкен нұқсан келтіреді. Бұл кесел – ел экономикасының тоқырауына, әлеуметтік теңсіздікке, жұмыссыздықтың артуына әкеліп соғады. Қарапайым халық қызметтерді алу үшін пара беруге мәжбүр болса, қоғамда әділдік туралы айту қиын. Мұндай жағдайда жастардың да тәрбиесі мен болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін.Қазақстан Республикасының Президенті де өз сөздерінде сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Елімізде бұл бағытта арнайы агенттіктер құрылып, заңдар қабылданған. Алайда бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың саналы түрде белсенді әрекеті арқылы жүзеге асады.Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою үшін не істеуіміз керек? Ең алдымен, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Әрбір азамат өз құқығын білсе, заңға сәйкес әрекет етуді дағдыға айналдырса, жемқорлыққа жол берілмейді. Сонымен қатар жастарды адалдыққа тәрбиелеу маңызды. Жас ұрпақтың бойында әділдік, патриотизм, жауапкершілік секілді қасиеттер болуы шарт.Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлық – тек заңды бұзу ғана емес, ол – ұлт болашағына жасалған қиянат. Әрбір қазақстандық осы індетке қарсы күрес жүргізуге дайын болса, елімізде әділдік орнайды.
Р. ҚАРАУЫМБЕТОВ,
Райым ауылдық округінің әкімі










