МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ КӘСІБИ ӘДЕП НОРМАЛАРЫН САҚТАУ ЖӨНІНДЕ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Ауданға Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаевтар арнайы келіп, мемлекеттік қызметшілермен көшпелі семинар өткізді. Алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы С.Раиымбетовтың төрағалығымен кездесу өтіп, мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне, этикасына және моральдық бейнесіне қойылатын талаптар төңірегінде, әдеп нормаларына байланысты толыққанды түсініктеме берілді.
Жиында алдымен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Б.Байхожаев ел азаматтарыңының құықтары мен бостандығы және қоғамдағы құқықтық негізін айқындайтын маңызды ұғымдар жайында баяндама жасады.
Мұнан соң мемлекеттік қызметшінің негізгі әдеп нормалары мен қызметтік тәртібі төңірегінде Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Б.Әбдіқадыр хабарлама жасады.
Бағдат Нажмедденұлы Қазақстан Республикасының Заңдары мен Әдеп кодексінің талаптарын бұлжытпай орындауды, қызметтік тәртіпті қатаң сақтауды, қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған әдептілік нормаларды ұстануға, барынша қарапайым болуға, қызмет барысында қоғаммен байланыс жасауда кішіпейілдік танытып, әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына кеңінен тоқталып, мемлекеттік қызметшілерге толыққанды түсініктеме берді.
Көшпелі семинар мұнан әрі «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында жалғасып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау бағытындағы негізгі міндеттер жан-жақты түсіндірілді.
Жиынға ауылдық округтердің мемлекеттік қызметшілері қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға және қызметкерлердің құқықтық мәдениетін нығайтуға бағытталды.










