Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдеп нормалары түсіндірілді

Әдеп нормалары түсіндірілді

Сыбайлас жемқорлық бүгінгі қоғамның басты кеселіне айналып отырғандығы даусыз. Оның алдын алу, жолын кесу мақсатында дәйекті шаралар ұйымдастырылғанымен, түбегейлі жою мүмкін болмай отыр. Осыған орай, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының төрағасы, облыстық әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Махсұт Нәлібаев ауданға арнайы келіп, семинар-кеңес өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешовтің төрағалығымен өткен басқосуға аудандық дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, сонымен бірге үкіметтік емес ұйым төрағалары қатысты.
Семинар-кеңес барысында аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Н.Бохаев сөз алып, өткен жыл бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Атап өту қажет, өткен жыл қорытындысымен мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын кеңінен насихаттау мақсатында 11 мәрте ұжымдық кездесулер өткізілсе, мемлекеттік бюджет, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік сатып алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын тереңінен түсіндіру бағытында 11 оқыту семинары, еркін форматта тәжірибелі психологтің қатысуымен арнайы тренинг жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан 25 адамға консультациялық кеңес берілді. Бұдан бөлек, әдеп жөніндегі уәкілдің ұсынысы негізінде мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін 15 қызметші көтермеленді, – деді ол.
Одан әрі сөз тізгінін алған әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақов жалпы әдеп нормаларына жекелей тоқталып өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге, қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбау міндеттелген, – деді.
Мұнан соң Махсұт Нәлібаев сөз алып, Мемлекет басшысы анықтап берген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бағыттарын атап өтіп, өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиын барысында арнайы келген өкілдер аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдап, сауалдарына заң аясында жауап берді. Артынша «Nur Otan» партиясының кеңес мүшелерімен жүздесіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
16 ақпан 2020 ж. 796 0