Әуе кемесін басқаруға кедергі жасау – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын қылмыс
Әуе көлігінің қауіпсіз жұмыс істеуі мемлекеттік маңыздылыққа ие, өйткені ол мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ ірі мүлікті қорғауды қамтиды. 16.07.2025 жылы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес ҚР Қылмыстық Кодексіне енгізілген 352-1-бап осы саладағы заңдық реттеуді айтарлықтай жетілдірді, заманауи сындарға баса назар аудара отырып, әуе кемесін басқаруға кедергі келтіру үшін нақты қылмыстық жауапкершілік белгіледі.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 352-1-бабы бойынша «Әуе кемесін басқаруға кедергі жасау» дегеніміз – әуе кемесінің экипажына, оның ішінде ұшқышқа (пилотқа) әсер ету мақсатында лазерлік сәуле шығару құрылғыларын немесе пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) әуе кемесіне бағыттау, сондай-ақ басқа да әрекеттер.
Бұл әрекеттердің негізгі қаупі – ұшқыштың көру қабілетінің уақытша жоғалуына (бұлыңғырлау) әкелуі, назарын бөлуі, сондай-ақ әуе кемесінің жабдықтарының жұмысына араласуы мүмкіндігі, нәтижесінде апатқа әкеп соғуы мүмкін өте қауіпті жағдай тудыруы.
Заң залалдың дәрежесіне байланысты әртүрлі жаза шараларын белгілейді:
1. Негізгі құрам (1-бөлік): Әуе кемесін басқаруға кедергі жасау, егер бұл әрекет апаттық жағдай туғызбаса, бірақ оның пайда болу қаупін тудырса.
• Жазасы: 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.
2. Ауыр салдарлар туғызған жағдай (2-бөлік): Егер әрекет адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге немесе ірі залалға (2000 АЕК асып түсетін мөлшерде) әкелсе.
• Жазасы: 3000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет (3-бөлік):
• Жазасы: үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келген іс-әрекет (4-бөлік):
• Жазасы: алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Арал ауданының прокуратурасы азаматтардың назарына жеткізеді - лазерлік сәуле шығару құрылғысын әуеден өтуші ұшаққа бағыттау «ойын» емес, қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыстық құқық бұзушылық .
Сондай-ақ, пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) әуе кемелерінің ұшу жолына, аэродромға жақын аймақтарға ережеге қайшы пайдалану да осы бап бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Құқық қорғау органдары бұл заңнамаға сәйкес қатаң әрекет етеді және әуе кемесін басқаруға кедергі келтірудің әрбір фактісі бойынша тергеу жүргізіледі.
Қорытындылай келе, Қылмыстық кодекстің 352-1-бабы – әуе көліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі маңызды буын. Ол тек жауапкершілікті қатаңдатқан ғана емес, сонымен қатар технологиялық даму заманындағы қауіптерге тиімді жолмен қарсы түруға мүмкіндік береді.
Әрбір азаматтың міндеті – осы заңды білу және орынсыз қызығушылық пен абайсыз әрекеттердің ауыр зардаптарын түсіну.
Арал ауданы прокуратурасының прокуроры
кіші әділет кеңесшісі С.Жетпісбаев
Фото: 7kun.kz









