Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты

Жастар «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты

«Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы және Қызылорда медициналық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы бойынша Сол жағалау, аспалы көпір астындағы Сырдария өзенінің жағасында тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара аясында тазалық жұмыстарымен қатар «Вандализмге жол жоқ» және «Есірткіге жол жоқ» акциясы өтті.
Шараны «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай ашып, «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқталып, жастардың арасында тазалық мәдениетінің қалыптасуын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Есірткіге жол жоқ», «Вандализмге жол жоқ» акцияларын да қозғап, жастарды бұрыс қылықтан қашық болуға шақырды.
Мұнан соң облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Ахмет Темірхан Асхатұлы сөз алып, қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұрған жастар арасындағы мәселелерді баяндап, осы негізді атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті.
Шараға жиналған 70 ерікті жастарға арнайы жейделер таратылып, аспалы көпір астындағы Сырдария өзенінің жағасына тазалық жұмыстары жүргізіліп, граффити жазбаларын жою бойынша жұмыстар жасалды.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен тарихи, мәдени, табиғи мұраларды сақтауға бағытталған «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында ескерткіштермен табиғи қорықтарды тазарту бойынша 40-тан астам іс-шара өткізілді. Аталған акцияға мәслихат депутаттары, облыстық партия төрағасы, қоғамдық пікір көшбасшылары, журналисттер мен блогерлер және 800-ден астам белсенді жастар ат салысты.
Сонымен қатар «Есірткіге жол жоқ!» акциясы негізінде жастар түрлі форматтағы кездесу жиындары мен тексеріс жұмыстарын жүргізді. Белсенділер синтетикалық есірткі құралдарын сатып алуға арналған жарнама графитилеріне қала көлемінде рейд жүргізіп, арнайы мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды.
24 қараша 2025 ж. 100 0