Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті жылдық қорытынды отырысы өтіп, комиссияның бір жыл ішінде атқарған жұмыстары мен келесі жылға арналған жоспарлары егжей-тегжейлі талқыланды. Отырысты комиссия төрағасы Нұрсауле Сайлауқызы ашып, күн тәртібіндегі негізгі екі мәселе бойынша толыққанды баяндама жасады.
Күн тәртібінің алғашқы мәселесі – 2025 жылғы комиссия қызметінің қорытындысы. Есепті кезең ішінде комиссия өз құзыретіне кіретін міндеттерді жүйелі түрде орындап отырғаны атап өтілді. Жыл бойы Партиялық бақылау комиссиясының 11 отырысы өткізілген, онда 25 түрлі мәселе қаралып, нәтижесінде 32 ұсыныс беріліп, олардың барлығы толықтай орындалды. Бұл көрсеткіш комиссия жұмысының жоспарлы түрде жүргізілгенін және ұсыныстардың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.

Атқарылған жұмыстардың ішінде партиялық бақылау бекеттерін орнату маңызды бағыт ретінде танылды. 2025 жылы 4 нысанға партиялық бақылау бекеттері орналасқан, пайдалануға берілген 3 нысанға арнайы белгі ілінген, ал тағы бір нысан жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілу жоспарланып отыр. Мұндай бақылау шаралары құрылыс сапасын арттыруға және халыққа уәде етілген жобалардың уақытылы орындалуына тікелей ықпал ететіні айтылды.

Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде комиссия мүшелері құрылыс нысандарына жоспарлы рейдтер ұйымдастырып, Жол картасының орындалуына мониторинг жүргізіп отырды. Жыл басынан бері 41 мониторингтік іс-шара өткізілді. Оның ішінде 27 рет – Жол картасы аясында салынып жатқан нысандарға, ал 14 рет – баға тұрақтылығын бақылау мақсатында азық-түлік дүкендері, дәріханалар және жанар-жағармай бекеттеріне тексеру жүргізілген. Бұл жұмыстар аудан халқының әлеуметтік жағдайына әсер ететін маңызды бағыттардың тұрақты бақылауда екенін айғақтайды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде партиялық жауапкершілікке тартылған партия мүшелерінің болмағаны туралы ақпарат берілді. Бұл – партиялық тәртіптің сақталуы мен ішкі бақылау механизмдерінің тиімділігін көрсетеді.

Комиссияның ақпараттық жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Жыл бойы Партиялық бақылау комиссиясы атқарған іс-шараларға қатысты әлеуметтік желілерде – 137, бұқаралық ақпарат құралдары сайттарында 41 материал жарық көріп, қоғам тарапынан ашықтық пен қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту. Бұл құжат алдағы жылы комиссия қызметінің бағыттарын айқындап, бақылау жұмыстарын одан әрі жүйелеуге негіз болмақ. Жоспар бірауыздан мақұлданды.

Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы келесі жылы да партиялық бақылау тетіктерін күшейту, әлеуметтік маңызы жоғары нысандарды сапалы әрі уақытылы аяқтау және халықпен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
04 желтоқсан 2025 ж. 101 0