АРАЛ АУДАНЫНА ЖАҢА ПРОКУРОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандық прокуратурадағы кадрлық өзгерістердің орын алуына байланысты арнайы мәжіліс өтті. Жиында аудан басшысы ауданда прокуратура органдарымен бірлесе атқарылған нәтижелі жұмыстар жайында айтып, қадағалаушы органның қоғамдағы маңызын атап өтті.
Мұнан кейін, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Мәди Сарпеков сөз алып, аудандық прокуратурадағы кадрлық өзгерістерді таныстырып өтті.
Облыс прокурорының орынбасары Мәди Нәбиұлы Арал ауданының прокуроры лауазымына жаңадан тағайындалған Әбіш Дарын Елтайұлын аудан активіне таныстырды.
Актив отырысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы бұған дейін Арал ауданының прокуроры қызметін 5 жылдай атқарып келген Мадияр Ертарғынұлының еңбегіне тоқталып, қоғамдағы күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға құқық қорғау органдарымен бірге тығыз жұмыс жасағанын атап өтті.
Қызмет барысында көрсеткен жоғары кәсіби деңгейі, заңдылық пен әділдікті сақтауға қосқан зор үлесі үшін облыстың ең жоғары марапаты – «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасы» мен облыс әкімі Н.Нәлібаевтың «Алғыс хатын» табыстады.
Мәжілісте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов, Арал аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергенов құттықтау сөз сөйлеп, ауданда 5 жылдай қызмет атқарған Мадияр Ертарғынұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Арал ауданының Прокуроры қызметіне тағайындалған Дарын Елтайұлының қызметіне сәттілік тілеп, өздерінің тілектестіктерін білдірді.
Әбіш Дарын Елтайұлы 1978 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген.
1994 - 1998 жылдары «К.А.Яссауи» атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
2000 жылдан бастап Қызылорда облыстық прокуратура органдарында қызметін бастаған.
2005 - 2010 жылдары Жаңақорған ауданы прокурорының орынбасары;
2010 - 2012 жылдары Қызылорда облысы прокурорының көмекшісі;
2012 - 2013 жылдары Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі;
2017 - 2018 жылдары Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма бастығы;
2018 - 2019 жылдары Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі;
05.2019 - 10.2019 жылы Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма бастығы;
2019 - 2022 жылдары Жаңақорған ауданының прокуроры;
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазалы ауданының прокуроры қызметін атқарып келді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі









