Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢАРТЫЛҒАН МЕКТЕП – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ

ЖАҢАРТЫЛҒАН МЕКТЕП – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ КЕПІЛІ

Білім – ел болашағының мәңгілік шамы. Биыл ауданда осы ұлы ұстаным нақты іске айналып, бірқатар жаңа білім ордалары ел игілігіне берілді. Бұл – тек жаңа ғимараттардың ашылуы ғана емес, мыңдаған баланың үмітін оятқан, ертеңге деген сенімді күшейткен тарихи қадам.
Аудан орталығы мен Сексеуіл кентінде бой көтерген еңселі 300 орындық №292 және №294 «Келешек мектептері» – шын мәнінде болашаққа салынған берік көпір. Заманауи талаптарға сай салынған сәулетті ғимараттар кең, жарық сыныптарымен, зертханалық кабинеттерімен және жаңа технологиялық жабдықтарымен ерекшеленеді. Бұл мектептерде әр бала өз арманын айқындап, білім көкжиегін кеңейтуге толық мүмкіндік алады. Ең бастысы, осы игілікті жобалардың нәтижесінде ауданымыздағы үш ауысымдық оқу мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Бұл – ата-анаға шаттық, ұстазға жеңілдік, шәкіртке сапалы білімге бастар даңғыл жол.
Жаңа серпін ауылдарға да жетті. Ұлттық жоба аясында салынған мектептерден бөлек, ауылдық елді мекендерде де жаңа білім ордалары бой көтерді. Ақшатау елді мекенінде көп жылдан бері ескі әрі тар ғимаратта оқып келген оқушылар биыл су жаңа №291 орта мектептің табалдырығын аттады. 60 орынға арналған бұл мектеп демеушілердің қолдауымен салынып, толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталды. Енді ақшатаулық оқушылар кең, жарық сыныптарда алаңсыз білім алуға мүмкіндікке ие болды.
Тоқабай елді мекенінде де көптен күткен қуанышты сәт туды. Мұнда 100 орындық жаңа №248 орта мектеп пайдалануға беріліп, ауыл өміріне ерекше серпін сыйлады. Жаңа мектеп тек сәулетті ғимаратымен ғана емес, толық жаңартылған материалдық-техникалық базасымен де ерекшеленеді. Заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған бұл білім ордасы ауыл балаларына қаладағы құрдастарымен тең дәрежеде білім алуға кең мүмкіндік ашты.
Одан бөлек, ғасырдан астам тарихы бар №14 мектептің бастауыш сыныбы орналасқан ғимараттары да қайта жаңғырып, күрделі жөндеуден өтті. Тарих пен тағылым тоғысқан бұл білім ордасы уақыттың сынына төтеп беріп, бүгінгі жас ұрпаққа есігін бұрынғыдан да кең ашты. Жаңартылған мектеп – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпірдей әсер қалдырады.
Сондай-ақ №62, №19, №262, №263 және №177 мектептер ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді. Үнемделген қаржыларды тиімді пайдалану арқылы бұл білім ошақтарының шатыры жаңартылып, қабырғалары әрленіп, терезелері ауыстырылды. Жарық сыныптар, жылы дәліздер мен қауіпсіз орта – бүгінгі оқушыға жасалған маңызды қамқорлықтың көрінісі.
Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Келер жылы Мергенсай елді мекенінде 2 млрд. 408 мың теңгеге 100 орындық жаңа «Келешек мектебін» салынып, пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Бұл – аудан білім беру жүйесінің дамуы тұрақты түрде жалғасып келе жатқанын айқын аңғартады.
Жаңа мектептер – жаңа мүмкіндіктер мекені. Осы білім ордаларынан түлеп ұшқан шәкірттер ертең ел тізгінін ұстайтын, ұлттың үмітін арқалайтын азамат болып қалыптасары сөзсіз.

М.МАРАТ
12 желтоқсан 2025 ж. 1 0