АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Аудандағы жалпы орта білім беретін 49 мектепте 17582 оқушы дәріс алады. 2024-2025 оқу жылында аудан бойынша 1091 оқушы мектеп бітірсе, биылғы жаңа оқу жылында 1668 бала жаңадан мектеп табалдырығынан аттады.
Қазіргі таңда білім саласы өркениет көшінің бастауына айналды. Жүйеде жасалып жатқан жаңаша өзгерістер, саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар – әлемдік өркениеттің көш басына ұмтылудың бастау көзі болып отыр. Осы ретте еліміздегі білім сапасын жоғары деңгейге жетелеу жолында ауданымызда да көптеген ілкімді істер атқарылуда.
Айта кетейік, Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен соңғы жылдары Сыр өңірінің білім саласында мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ауданда білім нысандары жаңадан бой көтеруде. Биылдың өзінде аудан бойынша 4 жаңа мектеп бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Арал қаласынан және Сексеуіл кентінен 300 орындық мектеп салынып, пайдалануға берілді. Тоқабай және Ақшатау ауылдарында жаңа мекетеп салынды. Сонымен қатар Мергенсай ауылдық округіндегі мектеп мәселесі шешімін тауып, 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде.
Мұнан өзге де білім саласының ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштері бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен, мемлекеттік грант конкурсына қатысқан – 647 түлектің 80,3 пайызы мемлекеттік грант иеленді. Орташа көрсеткіш 84,8 баллды құрап, ауданымыз соңғы төрт жылда облыста алғашқы үштіктен түспей келеді.