Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы қоңырау соғылды

Алғашқы қоңырау соғылды

Білім күні – тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің болашағын айқындайтын жауапты кезең. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын балалардың жүрегінде бүгінгі күн мәңгіге сақталады. Өйткені олар үшін жарқын болашағына жасайтын маңызды қадам. Осы күні еліміздегі барлық білім шаңырақтары оқушыларға есік ашып, қоңырау үні естіледі. Арал ауданындағы білім ошақтарының да ауласы оқушы мен ұстаздың дүбіріне толды. Алғашқы қоңырау салтанатын барлық мектептер өз деңгейінде атап өтті. Аудандағы іргелі білім ордасының бірі қаладағы №13 орта мектепте өткен Алғашқы қоңырау салтанатына аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тілеп, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.– Ұрпағымыз білімді болса, болашағымыз жарқын болады. Осы орайда, елімізде бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін жеткіншек ұрпақтың сауаттылығына зор көңіл бөлініп, білім берудің жаңа әдістеріне көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет болашақ ұрпақтың білім алуы үшін бар жағдай жасауда. Биылғы оқу жылында ауданда 4 балабақша мен 10 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы мектеп бітірген 727 түлегіміздің 512і мемлекеттік грантқа, 11-і облыс әкімінің грантына ие болды. Бұл біз үшін зор қуаныш. Бүгін киелі қара шаңырақ №13 орта мектептегі салтанатты шараға куә болып отырмыз. Бұл заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тұңғыш Премьер-Министр Ұзақбай Қараманов, сатираның сайыпқыраны Құдайберген Сұлтанбаев сынды тұлғалар түлеп ұшқан білім ордасы. Осындай алтын орданың табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.
Айта кету керек, №13 орта мектептің табалдырғын биыл 77 бүлдіршін аттап отыр. Салтанатты шарада 1 сынып бүлдіршіндері өнерін ортаға салды. Сонымен қатар қаладағы №220 орта мектебінде «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын жоғары деңгейде өтіп, жаңа оқу жылының күміс қоңырау үні соғылды. Атаулы шарада №220 орта мектеп директоры Әліби Әбілбайұлы сөз сөйлеп, барша ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төреахметов пен Арал аудандық білім бөлімінің әдіскері Назгүл Молжігітова сөз сөйлеп, барша мектеп оқушыларына жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, сәттілік тіледі.
Сонымен бірге мектептегі түрлі мерекелік және де спорттық шараларға, мектепке жол акциясы аясында өз көмегін жасап, қайырымды істе жарыса атсалысып жүрген жандарға алғыс білдірілді.
Салтанатты шара оқушылардың әсем әндері мен бірінші сынып оқушыларының тақпақтарымен жалғасын тапты. Аудан көлемінде барлық дерлік білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылып, кең көлемде аталып өтті.
«Толқын» ақпарат

02 қыркүйек 2023 ж. 269 0