Аудан әкімі С.Сермағамбетов Білім күні мерекесімен құттықтады
Қымбатты оқушылар, ата-аналар!
Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1 қыркүйек – әр адамның көкейінде жақсы естелік қалдыратын, жарқын да жылы сезімдерге толы ерекше күн. Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл әрбір білім алуға талпынған адам үшін жаңа білім, жаңа табыс, жаңа жетістіктерге жету бастамасы, еліміздің болашағына әсер ететін жауапты кезең.
Биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалықтарының бірі –Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің тағы бір жас ұрпағы әліппені алуға асығып, алғашқы білім белесіне жол тартпақ. Осы ретте мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған ауданның 1742 бүлдіршініне педагог-ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» («Букварь») оқулығы сыйға берілетін болады.
Сонымен қатар әлемдік пандемия жағдайына сәйкес оқытудың онлайн форматында білім алған шәкірттеріміз араға бір жарым жыл салып алтын ұя мектебімен, аяулы ұстаздарымен қауышпақ.
Өздеріңізге белгілі, еліміз үшін ең негізгі басымдықтың бірі – білім. Осы ретте еліміздегі білім сапасын жоғары деңгейге жетелеу жолында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Осы орайда биыл ауданымызға қарасты Сексеуіл кентінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес бой көтерген жаңа білім ошағы ел игілігіне берілмек. Өңіріміз үшін өзекті мәселелердің бірі болып келген бұл білім ошағы биылғы жаңа оқу жылында 442 оқушының сапалы білім алуына жол ашпақ. Сонымен қатар Арал қаласының кіреберісінен №71 мектеп-интернатының жаңа құрылысы жүргізілуде.
Білім көшін жетілдіру жолындағы осынау айтулы жетістіктерге қол жеткізуіміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің арқасы екендігі даусыз.
Расында, білім – ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Ал білім кемесін мініп ілім іздеп, алға қарай ұмтылу – әр азаматтың борышы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдылар жаңа буынның болашақ табысының кілті болып табылады. Сондықтан да осынау жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөлуіміз керек! Сонда ғана бәсекеге қабілетті ел боламыз.
Аяулы ұстаздар мен оқушылар!
Білім күнінен бастау алған жаңа оқу жылында Сіздерге сәттілік, тың бастамалар мен жарқын жетістіктер тілеймін. Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз нұрлы болсын. Көздеген мұрат-мақсаттарыңызға қол жеткізіп, армандарыңыз орындалсын. Ер ертеңі еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі С.СЕРМАҒАМБЕТОВ