Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың соңғы қоңырау салтанатына арналған құттықтауы

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың соңғы қоңырау салтанатына арналған құттықтауы

Қымбатты жас түлектер!
Қадірлі ұстаздар мен ата-аналар!

Сіздерді соңғы қоңырау салтанатты шарасымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – қызығы мен қиыншылығы мол, қайталанбас балалықтың бал дәуренін артқа тастап, үлкен өмірге жолдама алатын аяулы сәт.
Бүгін сыңғырлаған соңғы қоңырау үні балалардың есейгенін көріп көз жасына ерік берген ата-ана үшін де, шәкірттерін қимастықпен шығарып салар ұстаздар қауымы үшін де, олармен қоса толқып тұрған оқушылар үшін де ерекше.
Міне, тағы бір оқу жылы сәтті аяқталып, ауданымыздың 874 түлегі мектеп бітіргелі тұр. олардың 588-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді. түлектердің 72-і «алтын белгіге» үміткер, 24 оқушы – «үздік аттестатқа»  ұсынылып отыр. Шәкірттеріміз бұл жылы да үмітімізді ақтайды деп сенім білдіремін.  
Осы оқу жылында аудан ұстаздары мен оқушылары облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларға  қатысып, айтулы жетістіктерге жетті. Соның ішінде, республикалық байқаудан 8 оқушымыз оқ бойы озық шықса, облыстық байқауда 48 оқушы жүлделі орындарға ие болды. жоғарыдағы жетістіктер   ұстаздардың нәтижелі  еңбектерінің жемісі деп білемін.
«Мектеп – кеме, білім - теңіз» демекші, мектеп – қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен кемеңгерліктің, таным мен тәрбиелі істердің қасиетті ордасы. Ендеше, бүгінгі мектеп бітіруші түлектеріміз оқушылық өмірде осындай ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңіріп, байыпты бағдарын бойларына дарытып, білім көкжиегін кеңейте білді деп санаймын.
Құрметті  мектеп бітіруші түлектер!
Сіздер, әлемдік пандемия кезеңінде табандылық пен төзімділік танытып, білім алуға деген құштарлықтарыңызды биік деңгейде көрсете білдіңіздер.
Алдағы кезеңде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуды мақсат етіңіздер. 
Себебі, еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда!
Алда  үлкен сынақ тұр. Қорытынды аттестаттау мен ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп,  қалаған жоғары оқу орнына  түсіп, ұясынан ұшырған мектептің ғана емес ауданымыздың, еліміздің мақтанышы болыңыздар.
Жас түлектер! Сәттi сапар, өмiрлерiңе құтты қадам тiлеймін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев
25 мамыр 2021 ж. 1 166 0