Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ М.ОРАЗБАЕВТЫҢ 1ҚЫРКҮЙЕК - БІЛІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІ М.ОРАЗБАЕВТЫҢ 1ҚЫРКҮЙЕК - БІЛІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті жерлестер!Қадірлі ұстаздар мен оқушылар!
Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру біздің басты міндетіміз. Сол себепті жаңа заманға сай аудан мектептерін цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, кең жолақты интернетке қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Шындығында ертеңгі күн бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Сондықтан ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім саласы қашан да маңызды болып қала бермек.
Елдегі қазіргі ахуалға байланысты өткен оқу жылын оқушыларымыз қашықтан оқу арқылы аяқтағаны белгілі. Бұл қадам біріншіден балалардың денсаулығын сақтау үшін жасалған шара болса, екіншіден оқытудың жаңа тәсілін тексеруге таптырмас мүмкіндік болды. Қашықтан оқыту өз нәтижесін берді. Биыл мектеп бітірген жастарымыздың көрсеткіші бізге осыны дәлелдеп берді.
Биылғы оқу жылында орта білім беретін мектептерге 17447 оқушы, балабақшаларға 1-5 жас аралығындағы 3672 бала қамтылады деп күтілуде. Солардың қауіпсіздігі үшін 1 қыркүйектен бастап аудандағы 22 мектеп дәстүрлі және 27 мектеп аралас оқыту форматында, 20 мемлекеттік балабақша санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыстарын бастайды.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, алдағы білім күнімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, еңбекте табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

01 қыркүйек 2020 ж. 5 342 0