Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы әкімінің құттықтауы

Арал ауданы әкімінің құттықтауы

    Құрметті жерлестер, ардақты ағайын!
    Баршаңызды халқымыздың бірлігі мен татулығы үшін маңызы бөлек мереке – ҚР Конституция күнімен және күздің алғашқы атаулы мерекесі – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
    Ел ішіндегі татулық пен тұрақтылыққа тұтқа болып келе жатқан Ата заңның қабылданғанына міне биыл 24 жыл толып отыр. 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата заң тәуелсіз мемлекеттің зайырлы, құқықтық және біртұтас ел ретіндегі базалық негізін қалады. Уақыт көшімен ілесіп, сынынан сүрінбеген, елдікті айғақтап, егемендікке негіз болған басты құжат бүгінде азаматтардың өзара бітімде өмір сүруіне жағдай туғызып отыр.
    Конституция – егемен еліміздің мемлекеттілігін, тəуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден-бір құжат. Ата заңда көрсетілген қағидалардың салтанат құруы бұл ішкі тұрақтылықтың кепілі, әділет пен тең құқықтың өлшемі.
  Елдегі татулықтың арқасында еңсесі тіктелген мемлекетіміз бүгінде қай салада да жетістікке жетіп келеді. Соның ішінде білім саласындағы реформалар біздің бұл бағыттағы әлеуетімізді арттырып, ілгері жылжуына септігін тигізді. Жыл сайынғы қолдау жастардың ертеңге деген сенімін оятып, олардың әр салада өз орнын табуына жол ашты. Игі бастамалардың жалғасы ретінде жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен тамыз конференциясын атап өтуге болады. ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық маңызды шараға қатысып, мұғалімдердің мәртебесіне қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Міне бұл білім саласына жасалған басты қамқорлық деп білемін.
   Соңғы жылдары аймақта, соның ішінде ауданымызда білім саласына ерекше жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Бірнеше мектеп ғимараты салынып, білім ұялары жаңаланды. Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндік қарастырылды. Аудан мектептерін цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, кең жолақты интернетке қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. «Электрондық күнделік» жүйесімен 100 пайыз қамтылып, 30 мектеп «Білімлэнд» виртуалды оқыту платформасымен, 30 мектеп онлайн және 19 мектеп оффлайн негізінде жұмыс істейді.
   Шындығында ертеңгі күн – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Сондықтан ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім саласы қашан да маңызды болып қала бермек.
Қымбатты жерлестер! Баршаңызды ең маңызды қос мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбекте табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Ізгі тілекпен, 
Арал ауданының әкімі М.Оразбаев.
30 тамыз 2019 ж. 1 192 0