Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі»

«Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі»

25 мамыр  –  Ұлы даланың барлық білім ордасындағы жас түлектер үшін соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Мұқағали Мақатаев айтпақшы: «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» шәкірт бүгінде алтын ұясымен қимай-қимай қоштасты. Он бір жыл бойы ардақты ұстаздан білім алумен қатар, мектеп қабырғасында бірге ойнап-күлген жора-жолдастарымен де қоштаспақ.
Осы аптада ауданымыздағы білімге тояттаған қырандардың соңғы қоңырауы соғылды. Иә, бұл мереке әрбір киелі білім ошағында жоғары деңгейде өткізілетіні белгілі. Соның ішінде №220 орта мектебінде «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты мектеп бітіруші түлектерге арналған «Соңғы қоңырау» салтанаты кең көлемде аталып өткен болатын. Атаулы мерекелік шараға аудан әкімі С.Сермағамбетов мектеп бітіруші түлектерге өзінің жылы лебізін білдіре отырып:
         – Қымбатты жас түлектер! Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы, егемен еліміздің келешектегі бейнесі – Өздеріңіз. Бүгінгі білікті ұстаздардың алдынан өткен сіздер – ертеңгі күні өз ісінің кәсіби маманы, ғылымды еңсерген ғалым, елге қызмет ететін белгілі басшы да бола аласыздар. Өмірдің сан тарау жолдарынан іркілмей өту жолында қанаттарыңыз талмасын. Жаңа өмірге басқан қадамдарыңызға ақ жол, сәт-сапар тілеймін! – деп, ақжолтай тілегін арнады.
         Сонымен бірге жас түлектердің ата-аналарының атынан Г.Тілекбайқызы аяулы ұстаздарға алғысын айта отырып, алтын ұясымен қоштасып, алдағы үлкен өмір мен жаңа белеске қадам басқалы тұрған түлектерге сәттілік тіледі. Жүректері қимастық сезіміне толы түлектердің ұстаздарына арнаған әсем әндері шырқалып, қоштасу кешінің вальс биі биленді. Шара соңында ақ көгершін мен мерекелік шарларды өмірдің жаңа табалдырығын аттағалы тұрған жас түлектер өздерінің асқақ арманындай биікке самғатты.
         Осы орайда аудан бойынша барлығы 933 оқушы мектеп бітірді. Олардың 50-і "Алтын белгіге" үміткер, 43 оқушы "Үздік аттестатқа" ұсынылған. Жүректері алып ұшып, үлкен өмірге қанат қомдаған шәкірттер үшін соғылған соңғы қоңырау шарасы аудан мектептерінің барлығында өз деңгейінде аталып өтті.
"Толқын" ақпарат
27 мамыр 2022 ж. 1 640 0