Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыңғырла, соңғы қоңырау

Сыңғырла, соңғы қоңырау

Бүгін аудандағы барлық білім ұяларында соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлады.
Соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Бұл күні түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Болашақтың биік баспалдағына қадам басқан түлектер үшін алда қызықты да жауапты жолдар жатыр.

Кең көлемде ұйымдастырылған дәстүрлі шара биыл Арал қаласындағы №220 орта мектебінде болып, салтанатқа аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, бітіруші түлектерді мерекелерімен құттықтады.

- «Қымбатты жас түлектер! Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы, егемен еліміздің келешектегі бейнесі – Өздеріңіз. Бүгінгі білікті ұстаздардың алдынан өткен сіздер – ертеңгі күні өз ісінің кәсіби маманы, ғылымды еңсерген ғалым, елге қызмет ететін белгілі басшы да бола аласыздар. Өмірдің сан тарау жолдарынан іркілмей өту жолында қанаттарыңыз талмасын. Жаңа өмірге басқан қадамдарыңызға ақ жол, сәт-сапар тілеймін!», - дей келе, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан Г. Жоланова мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақжарма тілегін жеткізді.
Мұнан соң, қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерді шырқап, жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі. Түлектер ұшырған ақ көгершіндер мен шарлар ерекше көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік биыл ауданымыз бойынша 933 оқушы мектеп бітіріреді. Олардың 50-і «Алтын белгіге» үміткер болса, 43 оқушы– «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Ал, №220 орта мектеп биыл 47 түлекті алтын ұядан ұшырмақшы.


"Толқын" ақпарат

25 мамыр 2022 ж. 897 0