Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі алғашқы қоңырау мерекесіне қатысты

Аудан әкімі алғашқы қоңырау мерекесіне қатысты

1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай аудан орталығындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясында алғашқы қоңырау шарасы өтті. Аталған шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, жаңа оқу жылын бастағалы тұрған жас ізденімпаздарға сәттілік тіледі.
Оқушылардың есте қалар ерекше күнінде сөз алған аудан әкімі білім саласындағы жетістіктерді баяндап, оқушыларға білім биігін бағындыруларына тілектестігін білдірді.
«Жас буынға зор үміт артып, өскелең ұрпақтың болашағына баса мән берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген болатын. Соған сәйкес айдынды өлкемізде де ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, алдағы 5 жылда халық санының артуына байланысты ауданымызда 8 жаңа мектеп салынатын болады. Бұл өз кезегінде өңірдегі 3 ауысымдық мектептерді болдырмау үшін жасалып жатқан жүйелі қадам.
Келешектің талантты да дарынды иелерін тәрбиелейтін ұлағатты ұстаздар мен ізденімпаз оқушыларымызға көңілдегі қуаныш пен ыстық ықылас тоғысқан бұл күн жаңа табыстар мен жетістіктер әкеле берсін!», – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарадан соң аудан әкімі оқушылармен кездесіп, білім ошағының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Айта кетейік, аудандағы іргелі білім ұяларының бірі Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы 2009 жылы бой көтерген. Бүгінде мұнда мыңдаған оқушы білім алуда. 10 жылдан аса уақыт ішінде оқу ордасынан 20 түлек "Алтын белгімен", 4 түлек «Үздік аттестатпен» түлеп ұшты.
Сондай-ақ, білім ордасы соңғы жылдары инновациялық үлгіге көшкен. Нәтижесінде облыстағы білім беру ұйымдары арасында өткен конкурста көш бастап, 34 миллион теңге грант иегері атанды. ҰБТ-ға қатысқан 37 оқушының 29-ы мемлекеттік грантпен оқуға түскен.

"Толқын" ақпарат
01 қыркүйек 2022 ж. 503 0