Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – біздің болашағымыз

Бала – біздің болашағымыз

«Өмірдің бір қызығы – бала деген». Бұл әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі.
"Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз" деген Мемлекет басшысы "Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялау керек деп есептеймін" деген болатын. Сол себепті өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Балалар жылының» ашылу салтанаты өтті. «Біз – өмірдің гүліміз» тақырыбында өткен шарада өнерлі балдырғандардың тырнақалды туындылары, қолөнер бұйымдары, бейнелеу өнері сынды шығармашылық жұмыстары мен робототехника көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі С.Сермағамбетов:
– Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Ал бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел үміті, ұлттың жалғасы. Бүгінгі таңда аудан мектептерінде 17627 оқушы білім алуда. Сонымен бірге 20 мемлекеттік балабақшада 2205 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнымен қатар 18 жекеменшік балабақшада 1085, мектептердің шағын орталықтарында 584 бала тәрбие алуда. Мектеп оқушыларының арасында әртүрлі шығармашылық байқауларға қатысып, спорттық сайыстарда жүлделі орындар алып, аудан, облыс мерейін көтеріп жүрген шәкірттеріміз – ел мақтанышы. Қымбатты балалар, біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымыз – сендерсіңдер! Сондықтан да жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін! Әрқашан жүректеріңнен мейірім, жүздеріңізден күлкі кетпесін, – деп ізгі лебізін білдірді.
Мерекелік кеш өнерлі балақайлардың концертіне ұласты. Шараға жиналғандар өнерлі балалардың әсем әні мен мың бұралған биінен бөлек, жас жайдарманшылардың да өнеріне тәнті болды.
"Толқын" ақпарат
22 наурыз 2022 ж. 2 252 0