Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарқын болашақ кепілі

Жарқын болашақ кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен барыс жылы – балалар жылы деп жариялануы көңілімізге қуаныш ұялатты. Бала –  болашағымыз. Қай кезде де жас буынның денсаулығы,  білімі, әлеуметтік жағдайы, қауіпсіздігі ұдайы ел назарынан түскен емес.

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген еді  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы жылдың балалар жылы болып жариялануының өзі ізгі бастаманың бастауы іспетті. Атап айтсақ, мемлекет тарапынан білім беру саласында біршама оңтайлы өзгерістер енгізу жоспарланған.  Өткен жылы қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қала мен ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқу орындарының тапшылығын жою үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер жүзеге асырылуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты да білім сапасын арттыру болып отыр.
Бала саулығы қашанда маңызды. Өкініштісі, балалар арасында ауру түрлері көбейіп кеткені елді алаңдатып отыр. Ғаламторды ашып қалсаң, ауру балалар туралы небір жазбаларға көзің түссе, көңілің құлазып кетеді. Ел-жұрттан ауру баласының еміне қаржы жинап жүргендер де баршылық. Олардың балалар жылында баланың тегін емделуіне, ота жасалуына мемлекет тарапынан қолдау болса деген үміті бар. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылатынын айта келе: "...Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, осы қор қаражатынан сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі, өйткені көптеген отбасылар емдеу ақысын көтере алмайды. Қалаларда, аудандар мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз", – деген еді.
Енді бір жағымды жаңалық – қазақстандық балалар 2022 жылдан бастап тегін ұша алады.  Бұл «Балалар тегін саяхаттайды» («Kids gou free») бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Аталған бағдарлама арқылы Үкімет ішкі туризмді дамытуға пәрмен бермек.  2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға әуе билеті тегін беріледі. Балаларға арналған тегін әуе билеттері Kids go free операциясы қосылған отандық туристік өнімдер аясында ғана қолжетімді болады. Бұл ретте бағдарламаның талаптары бойынша бір ересек адаммен (ата-ана немесе баланың заңды өкілі) екі баладан артық ұша алмайды. Яғни, бір ересек адам екі баламен ұшады. Үшінші бала үшін тағы бір ересек билет алу керек. Бағдарлама бір баласы бар отбасы үшін де, көпбалалы отбасылар үшін де қолжетімді. Негізгі мақсаты – Қазақстанның туристік бағыттарында бүкіл отбасымен демалуға ынталандыру болмақ. Осы бастама балаларға туған жер табиғатын танып-біліп, елдің көрікті жерлерін аралау арқылы таным көкжиегін кеңейтіп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады.
Әрбір мемлекет өзінің болашағын ойлау үшін ең алдымен балалары мен жастарына көңіл бөлуді басты назарда ұстары ақиқат. Осы турасында  «Ұрпағын ойлаған — ұлт озады» деп халық жазушысы Расул Гамзатов айтқандай, біздің ұрпағымыздың биік белестерді бағындырып, үлкен істерді атқаратынына сеніміміз мол.
К.Махсұтқызы
10 ақпан 2022 ж. 2 236 0