Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар үшін бәрі жасалу керек

Балалар үшін бәрі жасалу керек

Биылғы барыс жылын Мемлекет басшысы балалар жылы деп жариялады. Сонымен қатар әңгіменің турасы жалаң ұран мен мерекелік шара емес, билік тарапынан балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау және білім беру мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде нақты іс-шаралар жүзеге асырылу керектігін қадап айтты.
Президенттің жарлығы мен тапсырмасы көз қуанып, көңіл құптарлық жағымды жаңалық болды. Себебі бала – елдің ертеңі, болашақтың бүгінгі келбеті. Дәл осындай ұранмен елдегі балаға қатысты бірнеше түйткілді мәселелер өз шешімін таба бастады.  Дегенмен халық арасында әлі де болса ата-аналар тарапынан билік ескерсе екен дейтін тілек-ұсыныстары бар.
Солардың бірін ауданымыздың тұрғыны, үш баланың анасы Әсемгүл Нұрбаева тілге тиек етті.
– Бірінші кезекте ата-ананың уайымы – бала қамы. Сол көрсе екен, сол жесе екен, сол әдемі есейсе екен деп тілеп отырамыз. Биылғы жылды Президентіміз балалар жылы деп жариялауы барлығымызды қуантты. Игі істердің көп болатынына сенеміз. Қаламыздағы мектеп пен балабақша – балаларымыздың екінші үйі. Себебі біз жұмыста болғанда қараусыз қалдырмай, сеніп тапсыратынымыз балабақша, ал балаларымыздың болашағына біліммен инвестиция құюы үшін сеніп тапсыратын орнымыз мектеп екені анық. Сондықтан осындай бала тәрбиесіне елеулі үлес қосатын киелі орындардың көп болғанын және соңғы үлгіге сай жабдықталып, бар мүмкіндік жасалса екен дейміз. Тағы да ескеретін мәселе. Қаламызда отбасымызбен шығып балаларымызды ойнатып, қыдыртып қайтатын орындар бүгінгіден де көптеп ашылса дейміз. Бұл – жалғыз менің ұсынысым емес, ауданымыздағы көптеген ата-ананың тілегі.
Кез келген мемлекеттің өміршеңдігінің белгісі – бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Оның саналы түрде дамуы, қоғамға бейімделіп, бәсекеге қабілетті болуы болшағымыздың жарқын бейнесі болмақ. Сондықтан баланың жан-жақты жетілуін қамтамасыз ету біздің бірінші міндетіміз.
Шыңғыс АМАНКЕЛДІҰЛЫ
05 ақпан 2022 ж. 907 0