Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеткіншек тағдырына ата-ана жауапты

Жеткіншек тағдырына ата-ана жауапты

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де солардың мойнында. Президент өз Жолдауында «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі жағдайда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деп өскелең ұрпақтың жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы. Ал адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады.
Аудандық полиция бөлімі кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алуда нақты жоспар бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыстар және кәмелетке толмағанға қарсы жасалған қылмыстар тіркелген жоқ. 
 Аудан көлемінде 29 907 кәмелетке тол­мағандар болса, олардың 17778-і мектеп пен колледж қабырғаларында. Жасөспірімдердің кешкі және түнгі беймезгіл жүрістерін ырықтау, келеңсіз жайттарды олардың тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында орта және кәсіптік оқу орындары мұғалімдерімен «педпатруль» кезекшіліктері ұйымдастырылып келеді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында, жыл басынан үкіметтік емес ұйымдармен және бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірлесе отырып, аудан көлемінде «Жасөспірім», «Абайлаңыз, балалар!», «Балалар түнгі қалада»,  «Тұрмыс», «Қауіпсіз мектеп», «Қауіпсіз балалық шақ» атты   жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шаралар барасында бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірге «Заңды білу – заман талабы»,  «Түнгі жүрістердің бала өміріне қауіптілігі», «Интернет желісінің қауіпті тұсы», «Жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу», «Зорлықсыз әлемді қалай құруға болады?», «Жол қауіпсіздігі және жасөспірім», «Снюс – зиянды өнім», «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыптарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, атқарылған істер әлеуметтік желінің «Фейсбук» парақшасына жарияланды.
Жүргізілген рейдтік іс-шаралар мен өткізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 312 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтсақ, 18 жасқа толмаған жасөспірімге темекі өнімін сатудың - 4, сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінің ертіп жүруінсіз болуының - 3,  қоғамдық орында темекі өнімін тұтынудың  – 4, қоғамдық орынды ластаудың – 3, кәмелетке толмағанды әкімшілік құқық бұзушылыққа тартудың -2, ұсақ бұзақылықтың -2, беймезгіл уақытта заңды өкілінің ертіп жүруінсіз жүруінің - 309, 21 жасқа толмағанға алкоголь өнімін сатудың – 4, тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаудың – 16, сондай-ақ төтенше жағдай режимін бұзудың 1  дерегі анықталып,   тиісті шара көрілді. Бейімдеу орталығына 3 кәмелетке толмаған орналастырылды.
Сонымен бірге  2 кәмелетке толмағанға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің  54-бабының 1-бөлігінің 3-тармағы бойынша  аудандық сот арқылы   ерекше талап орнатылса, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңының 20-бабына сай, 5 кәмелетке толмағанға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 3 кәмелетке толмаған тізімдік есепке қойылып, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына теріс әсер ететін 11 ата-ана қолайсыз отбасы ретінде   бөлімнің профилактикалық есебіне  алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұл деректерге қарап, бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығының балалар қылмысына себеп болып отырғандығын аңғаруға болады. Бала тәрбиесіне ата-ана да, мектеп те жауапты. Десе де, ең алдымен баланы тәрбиелеп, түзу жолға салатын оның ата-анасы екендігін ешкім теріске шығара алмайды. Баланың ең бірінші тәлім алатын, тәрбие көретін ортасы – отбасы. Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Өкінішке орай, көптеген ата-аналар жұмысбастылықты желеу етіп, бала тәрбиесіне аз көңіл бөледі. Егер әр балаға өзінің ата-анасы тарапынан тиісті дәрежеде көңіл бөлінсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болар еді. Сонымен бірге балаға көбіне-көп отбасындағы келеңсіз жағдайлар да өз әсерін тигізбей қоймайды. Осы жағынан алғанда, кемшін тұстар жетерлік. Бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сол үшін ата-аналар баласының қамсыз балалығын қам­та­масыз етіп, ұл-қызының сабақ оқуына, өзін қызықтырған үйірмелерге баруына қолайлы орта, жағдай қалыптастыруға міндетті.
«Мектеп – екінші ата-ана» деп тектен-текке айтылмаған ғой. Бала мектептен тек білім ғана алып қоймайды, оның өмірге деген көзқарасы, тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы да сонда қалыптасады.  Мұғалім балаға тек оқу бағдарламасы шеңберінде сабақ берумен шектелмей, түрлі пәндік үйірмелер мен секциялар түріндегі мектептен тыс тәрбие жұмыстарына да жеткілікті назар аударса, бос уақыты болмайтын бала басбұзар тентектікке, заң бұзушылыққа бармас па еді.
Бала тәрбиесі баршаға ортақ. Ата-ана мен мектеп бала тәрбиесін бірлесе қараған жағдайда, жасөспірімдер арасында жоғарыда айтылған құқық бұзушылықтардың орын алмайтыны анық. Сондықтан жасөспірімдер тәрбиесіне қоғам болып жұмыла қарауымыз керек.
Д.Жолмырзаев,
Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты
19 қыркүйек 2020 ж. 847 0