Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда Балалар жылы салтанатты түрде ашылды

Ауданда Балалар жылы салтанатты түрде ашылды

Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Балалар жылының» ашылу салтанаты өтті. «Біз – өмірдің гүліміз» тақырыбында өткен шарада өнерлі балдырғандардың тырнақалды туындылары, қолөнер бұйымдары, бейнелеу өнері сынды шығармашылық жұмыстары мен робототехника көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып:
– «Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Ал, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел үміті, ұлттың жалғасы. Бүгінгі таңда аудан мектептерінде 17627 оқушы білім алуда. Сонымен бірге, 20 мемлекеттік балабақшада 2205 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнымен қатар, 18 жекеменшік балабақшада 1085, мектептердің шағын орталықтарында 584 бала тәрбие алуда. Мектеп оқушыларының арасында әртүрлі шығармашылық байқауларға қатысып, спорттық сайыстарда жүлделі орындар алып, аудан, облыс мерейін көтеріп жүрген шәкірттеріміз – ел мақтанышы. Қымбатты балалар, Біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, болашағымыз – сендерсіңдер! Сондықтан да, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін! Әрқашан жүректеріңнен мейірім, жүздеріңізден күлкі кетпесін» деп ізгі лебізін білдірді.

Мерекелік кеш өнерлі балақайлардың концертіне ұласты. Сахнаның сәнін келтірген оқушылар әсем әндерді нақышына келтіре орындап, мың бұрала билеп, домбырамен күй күмбірлеткен шарада жас жайдарманшылар да өнерлерін ортаға салды.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

18 наурыз 2022 ж. 728 0