Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Соңғы қоңырау соғылды

Соңғы қоңырау соғылды

25 мамырда еліміздегідей аудан мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Бұл – оқушылар үшін бір жылдық ізденіс пен талаптанудың нәтижесі, жаңа белеске қадам басудың айқын белгісі. Мектеп оқушылары ұстазының үнін сағынатынын сезсе де, жазғы демалыстан кейін кездесетініне үмітпен, уақытша қоштасқан болар. Ал үлкен өмір жолына қадам басқалы отырған мектеп бітіруші түлектердің тұла бойын алтын ұя мектебіне, ұстаздары мен достарына деген қимастық сезімі билегені анық. Биыл аудандағы іргелі білім ұясы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейді 47 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Түлектердің 5-еуі «Алтын белгіге», 3-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Өткен оқу жылында аудан бойынша ең жоғары балды осы мектеп-лицейдің түлегі иеленген еді. Биылғы білім сынағына да жоғары жауапкершілікпен қарауда.
Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген "Сыңғырла, соңғы қоңырау!" атты салтанатты шараны №62 мектеп-лицейі өз деңгейінде өткізді. Барлық мектеп түлектері мен ата-аналар және ұстаздардың басын қауыштырған шарада биыл мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған оқушылар ортаға шақырылды. Қатарында түрлі пәндік олимпиадаларда үздік көрінген оқушылар мен спорттық сайыстарда жеңімпаз атанғандар бар.
Аталған шарада мектеп-лицей директоры, жоғарғы санатты ұстаз Ж.Айтжанов оқушыларға өзінің жүрекжарды тілегін арнап, қияға қанат қаққалы тұрған мектеп түлектеріне сәт-сапар тіледі. Мұнан соң мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан А.Жүсіпова ұстаздар қауымына риясыз алғысын жеткізіп, шәкірттерге өзінің аналық тілегін білдірді. Мектеп бітіруші түлектерге 1 сынып оқушылары да ізгі лебіздер арнады. Сосын Ф.Аймышова, Қ.Аралбаева, А.Амангелдиева, С.Шарипова сынды бітіруші түлектер 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, талай шәкіртті қияға қанаттандырған ұстаздар қауымына ризашылықтарын білдіріп, ән-жырдан шашу шашты.
Бастауыш сынып мұғалімдері атынан түлектердің алғашқы ұстазы А.Мыңжасарова да шәкірттеріне оң сапар тілеп, білімнің биік шыңын бағындыратындарына сенім білдірді.
Қимастық сезім мен мектепке деген ерекше көңілдің айқын көрінісіндей болған соңғы қоңырауда сыныптан-сыныпқа өткелі тұрған шәкірттер өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән-жырларын арнады.
***
Дәл осындай мектеп бітірушілерге арналған салтанатты шара Қарақұм ауылындағы №59 орта мектепте де өтті. Салтанатты жиын пандемия жағдайындағы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп бітіруші 9, 11-сынып түлектеріне ғана мектеп ауласында өткізілсе, 1-8, 10 сынып оқушыларына әр сынып бөлмелерінде сынып сағаттары жасалынды.
Бұл 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттерімен қоштасу мерекесі, қызығы мен қиыншылығы мол, әр оқу жылы қайталанбас тарихқа толы мектептің мерекесі.
Алтын ұя мектебімен қимай қоштасып арман арқалап болашаққа бағыт алған шәкірттеріне мектеп басшысы Шарбану Байділдақызы ақ тілегін арнап, белсенді оқушыларды марапаттады.
Айта кету керек, биылғы жылы №59 орта мектептен 29 оқушы мектеп бітіріп отыр. Солардың бірі Гүлназым Қазыбекова.
– Менің балалық барлық қызықты шақтарым мектеп қабырғасында өтті. Бала кезден бірге өскен достарым мен бізге бар мейірімін танытып, тілеуімізді тілеген ұстаздарыма деген қимастық бар. Десе де, бұл да заңдылық. Әр кез өзіме сенім артқан жандардың үмітін ақтай білгім келеді. Болашақта логистика саласын таңдап отырмын. Алғашқы тестілеуден 101 балл жинадым. Алдағы кезеңде бұдан да жоғары балл алғым келеді. Қазір жан-жақты дайындық үстіндемін,– деген жас түлек ұстаздарының еңбегін ақтағысы келетіндігін айтты.
Еліміздегі мыңдаған мектептерден арман мен үміт арқалаған мыңдаған түлектердің ұшып шыққанын ескерсек, олардың болашақта әр түрлі саланы меңгеріп, елге қызмет етер азамат болып өсері даусыз.
***
Осы оқу жылы еліміздегі соңғы қоңырау жиындары бұрынғыдан өзгерек болды. Аудан көлеміндегі барлық мектептерде осындай мектеп бітіруші түлектерге арналған соңғы қоңырау салтанаты пандемия жағдайына байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз деңгейінде өткізілді.

"Толқын" ақпарат
29 мамыр 2021 ж. 880 0