Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

Аудан мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін аудан мектептерінің барлығында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Көңілдері алып ұшып, мектепке асыққан балдырғандардың шат көңілі, ұстаздар мен ата-аналардың қуанышты сәті көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Осындай көңіл-күйдегі салтанатты шара бүгін қаладағы №62 мектеп-лицейде де шымылдық түрді. «Мектебім – мейірім мекені» атты алғашқы қоңырау салтанаты еліміздің Әнұранымен ашылып, шара төріне мемлекеттік Ту кіргізілді.
Мұнан соң №62 мектеп қабырғасына алғаш қадам басқан бүлдіршіндер ұстаздарымен бірге шығып, ата-аналары мен ұстаздарына тілектерін өлең шумақтарымен жеткізді. Көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлаған алғашқы қоңырау салтанатына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздар мен оқушыларға деген ізгі лебізін жеткізді.
– Ардақты ұзтаздар, қымбатты оқушылар мен ата-аналар!
Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы – жаңа бастамалардың, ізденістердің, жаңа өмірдің бастауы болсын! Бүгін барлық оқушылар мен ата-аналар үшін есте қалар ерекше күн. Себебі мектеп қабырғасындағы тағы бір сыныпты артқа қалдырып, келесі сыныпқа аяқ басып жатқан бұл күннің басқалардан мәні ерек. Ал, білім ордасының табалдарығын алғаш аттағалы отырған жас бүлдіршіндер үшін осы бір сәттің естелігі ұмытылмастай сақталары анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі» - деп ерекше атап өтті. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен соңғы жылдары Сыр өңірінің білім саласында мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда, – деген аудан басшысы білім саласы бойынша ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Мұнан соң жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар үшін алғашқы қоңырау соғылып, білм ордасының ауласында әсем ән шырқалып, оқушылар мың бұрала би биледі. Салтанатты шарада ата-аналар кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері А.Жолмағамбетов ұстаздар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білімге құштар балалардың қадамына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында аудан бойынша 1600 ден астам бүлдіршіндер алғаш мектеп табалдырығын аттаса, 1113 оқушы білім ұясынан түлеп ұшады. Ал ауданда жалпы мектеп қабырғасындағы оқушылар саны 17700 ден асады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
01 қыркүйек 2024 ж. 154 0