Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көптен күткен күн

Көптен күткен күн

Төрт түлігін өріске өргізген Қарақұм ауылдық округіне қарасты Ерімбетжаға елді мекенінде жуырда ғана жағымды жаңалық көрніс тапты. Мен осы өңірде туып-өстім. Атадан балаға мирас болған шаңырақтағы кенже ұл ретінде алтын бесікке баланған киелі жерде өмір сүріп келемін.
Айтайын дегенім, аузын айға білеген кеңес дәуірінде жер асты суын ішіп, күн кешкен жергілікті қауым сапалы ауызсудың келгеніне бөркін аспанға ата шаттанды. Тіршілік нәрі саналған судың әр шаңыраққа кіргізілуі үлкен-кішіні мәз етті. Шынында да, бұл көпткен күткен күн болатын. Қаншама адам осы сәтті аңсап, армандады. Міне, ауылдастарымның сол арманы ақиқатқа айналғанына қуанамын.
Ауылға ауызсу жеткен айтулы күнде бірқатар мәртебелі меймандар да алақандай ауылға ат басын тіреді. Облыс әкімінің орынбасары мен Қазақстан Республикасы президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі салтанатты шараға арнайы қатысуы тіптен мерейімізді тасытты. Мұндағы тұрғындар мемлекеттің оң саясатынан жан-жақты құлағдар. Әсіресе, президенттің 2025 жылы еліміздің барлық аймағы ауызсумен жүз пайыз қамтамасыз етілуі тиіс деген тапсырмасы іс жүзінде жүзеге асқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы кезге дейін шеген құдықтан су тасып ішкен жерлестерім қазіргі таңда үйіне тартылған сапалы әрі таза суды қолданып, мәре-сәре күй кешуде. Әсіресе, әйелдер қауымының қуанышында шек жоқ. Күні кешеге дейін құдықтан су тасып ішкен олар игі бастаманы уақытылы аяқтаған облыс әкіміне шынайы ризашылықтарын білдіруде. «Елу жылда ел жаңа» деген осы шығар. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы. Бүгінде Ерімбетжағада заманауи тұрғыда тұрғызылған білім ұясы, шағын медициналық пункт, сондай-ақ клуб жұмыс жасау үстінде. Осының бәрі де халықтың қамын күйттеп, әлеумет үшін бар жағдай жасаған Үкімет пен атқарушы биліктің қамқорлығы деп білеміз. Лайым, алдағы күндерде де ауданымызда айшықты істер жалғасып, жарқын жобалар, толымды тірліктер қолға алына бергей!
Әмірхан ЖАНҰЗАҚОВ,
Ерімбетжаға ауылының мал дәрігері
20 желтоқсан 2025 ж. 63 0