Емханада есепте тұрған азаматтар МӘМС туралы нені білу керек
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау жән еемдеу ТМККК аясында көрсетіледі.
Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында бұл өзгерістер туралы толығырақ түсіндірді.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауындағы тапсырмалардың бірі – бюджет мүмкіндіктерімен теңгерілген және азаматтарға қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін Бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек пакетін құру болды. Осы бағыттағы жұмыстар бір жыл бойы жүргізілді. Ал 2025 жылдың шілде айында Президент МӘМС және медициналық қызметтер көрсетуне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін Заңға қол қойды. Жаңашылдықтардың бір бөлігі биыл күшіне енсе, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізбесіне қатысты нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осыған байланысты пациенттерді бірқатар сұрақ мазалайды: бұл өзгерістер оларға нақты қалай әсер етеді, олар медициналық көмексіз қалмай ма, сондай-ақ сақтандыру мәртебесі керек пе?
Күдік пайда болды – тексерді
Ең маңызды өзгерістердің бірі – әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік болған жағдайда (бекітілген тізбе бойынша) қажетті тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тағайындалады.
Бұрын ол тек туберкулез немесе АИТВ инфекциясына күдік болған кезде ғана мүмкін еді.
Ал қатерлі ісік немесе бауыр циррозы қаупі анықталған жағдайда тексерулер тек сақтандырылған азаматтарға ғана көрсетілді. Себебі бұл қызметтер МӘМС пакетіне кірді.
2026 жылдан бастап ТМККК аясында тексеру және емдеу келесі әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша көрсетіледі:
- туберкулез;
- АИТВ инфекциясы;
- қатерлі ісіктер;
- созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
- психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
- орфандық аурулар;
- жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
- орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары;
- эпилепсия;
- жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде);
- инсульт (бір жыл ішінде).
Әлеуметтік маңызы бар және кең таралған ауруларды ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер, оның ішінде қатерлі ісікке арналған скринингтер де сақтандыру мәртебесіне қарамастан ТМККК аясында жүргізіледі.
Диагностика, бақылау және емдеу – сақтандыру мәртебесінің қорғауында
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бірқатар созылмалы аурулары бойынша бақылау мен емдеу енгізіледі.
Бұл тізімге келесі ауру түрлері кірді:
- қант диабеті;
- балалардың церебралды сал ауруы;
- дәнекер тіннің жүйелі аурулары;
- ревматизм;
- артериялық гипертония;
- жүректің ишемиялық ауруы және өзге де жүрек аурулары
(жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының бұзылыстары);
- төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
- Бүйрек аурулары, оның ішінде гломерулярлық аурулар, созылмалы бүйрек ауруы;
- ас қорыту жүйесінің аурулары;
- сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары.
Бұл диагноздары бар адамдарға амбулаториялық және стационарлық жағдайларда, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, қымбат дәрі-дәрмектерді қоса алғанда, барлық қажетті ем түрлерін алуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Қазақстанда 1,5 миллион адам артериалды гипертензия бойынша есепте тұр.
Аталған ауру түрі алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде басқарылатын ауруларға жатады және динамикалық бақылауды дұрыс ұйымдастырған жағдайда толық бақылауда болады. Мұндай пациенттерге кардиологқа уақытылы қаралу, жағдайын бағалау және дәрілік терапияны тағайындау үшін қажетті тексерулерді өту қажет. Мысалы, электрокардиография, Холтерлік мониторинг, тәулік бойы артериалды қысымды бақылау. Денсаулық сақтау саласының заңға енгізілген өзгерістер бойынша жұмыс жасаған мамандарының айтуынша, созылмалы аурулар жиі асқынулар тудырады, себебі пациенттер өз тарапынан дәрігердің тамақтану, ұйқы режимі, дәрі-дәрмек қабылдау, аралық қабылдауларға келу сияқты ұсыныстарын жеткілікті деңгейде сақтамайды.
Сонымен қатар, жыл сайын мидың қан айналымы мен жүрек бұлшықетінің бұзылуының (инсульт, инфаркт) 50 мыңға дейінгі жағдайы тіркеледі.
Аталған ауруларды емдеу құны заманауи жоғары тиімді технологияларды қолдануға байланысты 7 миллион теңгені құрайды, бұл көптеген азаматтар үшін күтпеген шығын болары сөзсіз.
Амбулаториялық диализ алатын бір пациенттің орташа шығыны жылына шамамен 5 миллион теңгені құрайды.
МӘМС жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – медициналық көмек алу барысында азаматтарды кенеттен туындайтын жоғары шығындардан қорғау. Олар жүйеге 51 000 теңге көлемінде жарна төлеп, барлық медициналық қызметтердің толық тізіміне қол жеткізеді.
Осылайша күтпеген жоғары шығындардан өзіңізді қорғап, денсаулығыңыздың жай-күйін бақылауда ұстау үшін МӘМС жүйесінде мәртебеңізді дер кезінде рәсімдеп, кейін жарналарды тұрақты түрде төлеу маңызды.

Айта кету керек, аталмыш диагноздары бар азаматтардың көпшілігі жеңілдік санаттарына кіреді және мемлекет есебінен сақтандырылған. Тағы бір бөлігі D және E санаттарына жатады, олар келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың жарналары есебінен сақтандырылмақ. Сондай-ақ, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар өз денсаулығы үшін жауапкершілікті бөлісуге қабілетті.
Жалпы, енгізілген түзетулер денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру моделін сақтандыруға негізделген жүйеге жақындатуға мүмкіндік береді, бұл модельді әзірлеу кезінде бастапқыда жоспарланған бағытқа сәйкес келеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі
Ресми сайт – https://msqory.kz/ru/
Youtube-канал – https://www.youtube.com/@msqory_kz
Telegram-канал – https://t.me/medsaqtandyru
Facebook – https://www.facebook.com/msqory/
Instagram – https://www.instagram.com/msqory_kz/











