Архившілердің абыройы асты
22 желтоқсан – Қазақстан Республикасының архившілер күні. 1998 жылы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қабылдануымен тұспа-тұс келген бұл атаулы дата – құжаттық мұраның тарихи маңыздылығының мемлекеттік деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын архивші мамандығы өзінің іргелі сұранысқа ие болу қасиетін жоғалтпайды.Аталған мереке қарсаңында 19 желтоқсан күні «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ – нің «Арал аудандық архиві» филиалының ұйымдастыруымен «Архив – өткеннің ізі, архивші – болашақтың кілті» атты мерекелік шара өтті.
Шара барасында архив саласының маңыздылығы айтылып, өткен мен бүгінді жалғап тұрған құнды құжаттардың қоғам үшін алар орны кеңінен насихатталды.
Мұнан бөлек «Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы», Арал ауданының «Құрметті азаматы» Оразғали Құлмырзаев өзінің жеке тектік құжаттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорына табыстады.

Сонымен қатар Арал ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов шараға қатысушылардың алдында:
– Сіздер еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен баға жетпес жәдігерлерін сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, келешек ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы қызмет етіп келесіздер. Елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын сақтап, архив ісін жетілдіріп, ауқымды жобаларды жүзеге асырғандарыңыз үшін алғасым шексіз, – деп Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаевтың құттықтау хатын жеткізіп, өзі де жүрек жарды тілегін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Шараға қатысушыларға Арал аудандық архиві филиалының жұмысы жан-жақты таныстырылған бейнеролик көрсетіліп, Арал ауданының әкімі аппаратына қарасты бөлім, кент, ауылдық округтерінің ведомоствалық архивке жауапты мамандары облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының, аудан әкімінің, облыстық мемлекеттік архив басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ аудандық Өнер мектебінің оқушылары мен сала мамандарының өнері тамашаланды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










