Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымы мол тарихи шара

Тағылымы мол тарихи шара

Болашақ ел дамуына оның тарихы әсер етері белгілі. Әр азамат елінің қалай қалыптасып, сондай-ақ туған жерінің тарихын жетік меңгеруі қажет. Осы тұрғыда білім ордаларында арнайы пәндер қойылып, отаншыл жас тәрбиелеуге ықпал етіп келеді. Ал әр өңірде асыл мұраға толы туған өлкенің тарихын жинақтаған арнайы архив бары анық. Осы тұста таяуда «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің «Арал аудандық архиві» филиалының ұйымдастыруымен «Архив – 2025» бағдарламасын іске асыру шеңберінде архивтік құжаттарды іске пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілген болатын. Мұндағы мақсат асыл мұраларға толы архив қорына жастарды баулып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, үлгі ету еді.
Атаулы шараға «Арал ауданының құрметті азаматы», ұстаз, тарихшы, өлкетанушы Ү.Қуатов, кітапхана қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері, мектеп оқушысы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Алдымен дөңгелек үстелді «Арал аудандық архиві» филиалының басшысы Б.Қуатов ашып, тарихтың бұрмаланған тұстарын атап өтіп:
– «Архив – 2025» бағдарламасының негізгі мақсаты – жариялылық. Құнды құжаттарымызды елге таныту. Міне, сондықтан да қазіргі кезде Қытайдан, Еуропадан, Ресейден және өзге де елдерден өзіміздің тарихымызға қатысты құжаттарды әкеліп жатыр. Ендігі кезекте аудандық архивтің көптеген құжаттары Орынборда сақталған, ал теңізіміздің тарихы Санкт-Петербургте сақталды. Ал қалған құжаттарымыз, мәселен, Азамат соғысының кезіндегі құжаттар Орынбордың мемлекеттік архивінде, осы секілді теңізді өлкеге қатысты құжаттардың кейбірі көптеген облыстарда таралған. Сонымен бірге бүгінде аудандық архивте 60 мыңға жуық құжат бар. Мұнда аудандағы барлық дерлік мекемелердің құжаты сақталады. Атаулы құжаттарды көпшілікке таныту мақсатында басылым беттері мен әлеуметтік желіге салып отырамыз. Міне, «Архив – 2025» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Сонымен бірге өзге елдерден арнайы келіп, біздің құжаттарымызды шетелдіктер пайдаланып тұрады. Облыс бойынша біздің архив алдыңғы қатарлардан көрініп келеді,–деп, тарихқа тұнған ортаның маңызын айтып өтті.
Мұнан соң «Арал ауданының құрметті азаматы», өлкетанушы Ү.Қуатов «Қарақұм құрылтайы» туралы кеңінен тоқталып, өткен тарихтың бүгінгі жастарға берер өнегесін сөз етті. Сонымен бірге Қазақстанда жасақталған 73-дивизиясының ту ұстаушысы, Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетов туралы №220 мектеп оқушысы Н.Байжігітова баяндама жасап, көпшілікке оның еңбек жолын түсіндірді.
Шара соңында жиналған көпшілік өзіндік ой-пікірін ашып айтып, өз ұсыныстарын да назардан тыс қалдырмады.
«Толқын» ақпарат
30 қаңтар 2023 ж. 289 0