Аудан архивіне 60 жыл

Осындай тарихи мекеме – Арал аудандық архивіне биыл мерейлі 60 жыл. Мерейтойға орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, салтанатты шара өткізілді.
Басқосуға аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов, аудан ардагерлері мен ұжым қызметкерлері және қор иесі, қылқалам шебері Абай Әбішев қатысты.
Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары, мұрағат қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады:
Архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әрбір ұлт тарихының қазынасы, тарих жәдігерлерін сақтап отырған киелі орын. Тұтас дәуірлердің куәсі болған осынау мұраны сақтау, өңдеу және қоғам игілігіне пайдалану мақсатында архив саласының қызметкерлері аянбай жұмыс жасап келеді. Бүгінде аймағымыздың құнды ақпараттары мен ауданымызға белгілі азаматтарымыздың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін құжаттық мұраны сақтаудағы еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. 60 жылдық тарихы бар бұл орынның еліміздің болашағы үшін атқарар қызметі әрқашан молая бермек, - деді.
Сондай-ақ, мерейлі сәтпен қатр келген аудандық мұрағатқа зор еңбегі сіңген қор иесі, ауданымызға белгілі суретші Абай Әбішевтің 60 жас мерейтойымен құттықтап, қылқалам құдыретімен одан әрі жұртшылықты қуанта беруіне тілектестік білдірді.
Шара барысында ұжымда талай жылдар бойы еңбек еткен, архив зейнеткері Болат Қуатов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші – композитор Мұрат Сыдықов пен жары, өнердің анасы, әнші Базар Қостаева архив ұжымына ізгі лебіздерін арнады.
Мұнымен қоса, салтанатты кеште сала қызметкерлері аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталды.
(Өз тілшімізден)