Жаңа кітаптың тұсаукері өтті

Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында аудан көлемінде де осы атаулы күнге байланысты түрлі деңгейдегі шаралар өтетіні белгілі. Биыл да бұл дәстүр жалғассыз қалмады. Бүгін Арал аудандық архивінің ұйымдастыруымен "Аралдықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында" кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов сөз сөйлеп, тарих беттерінде қалған аралдық майдангерлердің батырлығы ешқашан ұмытылмайтынын айтып өтті. Оларға құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың алдындағы міндеті деп, кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша жандарға алғысын жеткізді.
Шарада сонымен қатар Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар одағының, Қазақстан Авторлар одағының мүшесі Е.Абдулла және осы кітаптың авторы, аудандық архив басшысы Б.Қуатовтар сөз сөйледі.
Одан әрі кітаптың тұсауы кесіліп, Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ж.Әлішеваға табысталса, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Ж.Жақыптың жеке тектік құжаттарын Ұлттық архив қорына қабылдау шарасы өтті.



"Толқын" ақпарат