"Толқынды Арал" көрмесі

Аталмыш көрменің ашылуына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, қылқалам шеберінің туған жеріне келіп, төл туындыларын көпшілікке ұсынғандығына ризашылығын жеткізіп, аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Одан соң ҚР Суретшілер одағының мүшесі Б.Бөкешов сөз сөйлеп, көрменің ашылуымен барша аралдықтарды және осы салада рухани байланыс орнатып келе жатқан барша қолөнершілерді құттықтады.
Арал өңірінде дүниеге келген Көлбай Әбілханұлы осы өлкеде ұстаздық қызмет атқарды. Кейінірек Қызылорда қаласында суретшілер шеберханасында жұмыс жасап, шеберлігін шыңдай түседі. Оның жазған ертегілері, әзіл суреттері республикалық басылымдар арқылы елімізге танылды. Қазір зейнет жасында болса да өнерден қол үзбей келеді. Көрмеде белгілі өнер иесінің майлы бояумен, акварельмен салынған және графикалық түрдегі 70-ке жуық туындысы қойылды. Көлбай Әбілханұлы шығармаларына негізінен туған жері мен жерлестерін арқау еткен.
«Толқын» ақпарат