Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шығармашылық бірлестіктің бес жылдық белесі

Шығармашылық бірлестіктің бес жылдық белесі

Осы аптада аудандық мәдениет үйінде Арал аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Зейнолла жолымен» атты аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің бес жылдығына арналған шара өтті. Бірлестік мүшелерінің туындыларынан жасақталған қолөнер көрмесінен бастау алған концерттік бағдарламаға аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, барша шараға қатысушыларды мерейлі мезетпен құттықтап, шығармашылық өкілдеріне творчестволық табыс тіледі.
Одан кейін шығармашылық бірлестіктің секция жетекшілерін марапаттау рәсімі өтті. Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы С.Дәрібаев та құттықтау сөзін арнап, бірлестік мүшелерін марапаттады.
Сонымен қатар Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын, сазгер Жұмабай Жақып сөз алып:
– Сырдың бойы, соның ішінде Арал аумағы өнердің түп қазығы. Мың сан өнердің мектебіне баланған жерімізде қазірде қазақтың әдебиеті мен мәдениетін дамытып, өнер жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнерпаздар көп. Міне, осындай жандардың басын қосып, шығармашылық байланысты арттыру қажет болды. Сондықтан Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік құруды қолға алған болатынбыз. Сол уақыттан бері бұл ұжымның атқарған жұмысы мен толағай табысы халықтың көз алдында. Бірлестіктің аймақтық «Арал әлемі» газеті арқылы ол жұмыстар қалың оқырманға баяндалып отырды. Бүгінде кеше ғана басталғандай көрінгенімен, шығармашылық бірлестікке бес жыл толыпты. Осы мерейлі мезетті өздеріңізбен бірге атап өтуді жөн санадық, – деп, алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, бірлестік құрамындағы жандардың жаңалықтарын өздеріңізбен бөлісіп отыратын боламыз деді.
Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Құрмет орденінің», «Халық алғысы» медалінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықов, шығармашылық бірлестіктің «Поэзия секциясының» жетекшісі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Толыбай Абылаев сөз сөйлеп, Зейнолла ақынның шығармашылығы мен шығармашылық бірлестіктің жұмысына тоқталды.
Шара осы бірлестік мүшелерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
«Толқын» ақпарат
29 сәуір 2023 ж. 846 0