Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шығармашылық бірлестіктің биігі

Шығармашылық бірлестіктің биігі

Тарихы кемел, шежіресі кенен Арал өңірі қашаннан халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, барын паш етіп жаһанға жырла¬ған талантты тұлғалардан кенде болмаған. Әрісі Жетес би, Қара¬сақал Ерімбет, Нұртуған, Нұрмағанбет ақындар, Қазанғап, Мырза күйшілерді айтсақ, берісі әлемге әйгілі жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров, олардың ізін қуған ақын-жазушыларымыз Шөмішбай Сариев, Әмірадин Әленов, Серік Сейітмағанбетов, Сағындық Тұрдалиев, Сайлау¬бай Жұбатыров, Қуаныш Жиенбаев, Толыбай Абылаев, сазгер-күші Мұрат Сыдықов деп жалғастырып кете берер едік. Олардың әрқайсысы өздерінің болмыс-бітімі, табиғи таланты, шығармашылық жолымен бір-бір әлем. Осындай туған жерімізден түлеп ұшқан дара таланттыларымызды әркез қастерлеп, өмірге әкелген бай қазыналарын бүгінгі ұрпаққа насихаттап, есімдері мен еңбектерін ел жадынан шығармай жанашырлық таныту – бүгінгі шығармашылық өкілдері, біздің төл мідеттеріміз және парызымыз да.
Оны қалай орындап, қалай жүзеге асырамыз?! Осы мақсатта аудандағы қолына қалам ұстаған талапкер, танымал ақын-жазушы, сазгер-суретшілеріміз бас қосып, бәріміз жұдырықтай жұмылып, бірігіп жұмыс істейтін бір орталық құруды қолға алдық. Және мұны әдебиет пен өнерге бірден бір жанашыр мекеме – аудандық мәдениет орталығымен бірлесіп ашуды ұйғардық. Біздің бұл бастамамызды орталық басшылығы да қолдап, біз үшін арнайы бір бөлме бөліп, жарық-жылуын да өз мойындарына алып, үлкен көмек көрсетті.
Шығармашылық өкілдерінің мұндай бас қосуы кешегі Кеңес дәуірі кезінде де болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мешітбай Құттықов бас болып ақын-жазушыларымыз кездесу кештерін өткізіп отырған. Бірақ ол тек үйірме болып құрылып, оның қолдаушысы, не демеушісі болмағандықтан өмірі ұзаққа бармай, тарап тынды. Сондықтан біз ондай үйірме емес, белгілі бірлестік етіп құруды ұйғардық. Ол үшін бірлестіктің нақты атауын белгілеп алуымыз керек болды. Ақылдаса келіп "Арал аудандық Зейнолла Шүкір¬ов атындағы шығармашылық бірлестік" деп атауға келістік. Мұнан соң, бірлестіктің он бір адамнан тұратын құрылтайшысын белгілеп, бес адамнан басқарма, үш адамнан тексеру комиссиясының құрамын, мұнан соң бірлестіктің төрағасы мен хатшысын сайлап, Жарғысын дайындап, осының бәрі №1 хаттамамен бекітілді. Осы құжаттармен бірлестікті облыстық Әділет басқармасынан тіркеуден өткізіп, заман талабына сай заңды тұлға болып өмірге кел¬ді. Құрылтайшыларымыз бен демеушілерімізден түскен қаржыны жинақтау үшін «Халық Банкінің» аудандық филиалынан арнайы жеке шотын аштық.
Аралда бір ғана аудандық «Толқын» газеті шығады. Ол саяси-танымдық басылым болғандықтан біздің шығармашылық өкілдерінің жаңа туындыларын тұрақты жариялап тұруға мүмкіндігі бола бермейді. Енді біздің алдымызда өз туындыларымызды үзбей жариялап тұру үшін өз газетімізді ашу міндеті тұрды. Ізденде жүріп мұн¬ың да жолын тауып, ауданда екін¬ші басылым «Арал әлемі» деген әдеби-мәдени газетін жарыққа шығардық. Әлем таныған Аралдың перзенттері облысымыздың барлық өңірінде тұрып жатқандықтан газетті аймақтық басылым дәрежесіне көтеріп, таралу ауқымын кеңейттік. «Әдебиет әлемі», «Өнер әлемі»,«Білім әлемі», «Туған жер әлемі», «Жаңалықтар әлемі», тағы басқа да осындай айшықты айдарлармен ашылған «Арал әлемі» газеті жыл өткен сайын өз оқырмандарының сүйікті басылымына айналып келеді.
Бүгіндері газет айына екі рет 2000-ға таяу данамен облыс көлеміне тарауда. Бұл ретте көршілес Қазалы ауданындағы оқырмандарымыздың белсенділігін де атап өтуге болады. Қазір газетте Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерғали Абдулла редактор, Нұрсәуле Кенжебаева жауапты хат¬шы қызметінде жұмыс істеп басылымды уақытылы шығарып келеді.
Бірлестіктің құрамына тек ақын-жазушыларды ғана емес, сазгер-суретші, айтыс ақындары, жыршы-термешілер сияқты шығармашылықпен айналысатын өнер адамдарын да қостық. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін оларды төрт секцияға бөлдік. Атап айтсақ, «Әдебиет» секциясындағы «Поэзия» бөліміне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы сыйлықтың лауреаты Толыбай Абылаев, «Проза» бөліміне Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Ерғали Абдулла, «Сазгер-күйшілер» секциясына Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ақын-жырау, күйші Мұрат Сыдықов, «Суретші және қол¬өнер» секциясына Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешов, «Айтыс ақындары және жыршы-термешілер» секциясына республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, белгілі жыршы-термеші Ай¬бек Тәңірбергенов жетекші болып бекітіліп, аудандағы барлық шығармашылық өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеу міндеттелді.
Шығармашылық бірлестік аудандық мәдениет орталығының жанында болғандықтан олармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Барлық кездесу мен бағдарламаларымыздың өз дәрежесінде өтуіне осы аудандық мәдениет орталығы әдіскерлері мен өнерпаздарының еңбектері ерекше. Оның бергі жағында біздің өткізетін әдеби-мәдени іс-шараларымыз оларға да ортақ. Тақырыбын біз тапсақ, өткізілуін орталық ұйымдастырады. Осындай ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында жұмысымыз жақсы нәтиже беруде. Мұнымен бірге аудандық мәдениет үйі, З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана, аудандық өлкетану мұражайы, Өнер мектебімен де өткізілетін шараларымыздың тақырыбына сай жұмыс істеп, берік байланыс орнатып отырмыз.
Біз әр уақытта атқарылатын жұмыстарымыз жайлы жыл басында нақты жоспар жасап, сол бойынша іске кірісуді жолға қойғанбыз. Туған күні мен мерейлі жылдарына сәйкес Зейнолла Шүкіров, Мұқағали Мақатаев, Әбдіжәміл Нұрпейісовке арналған кештер жыл сайын тұрақты өткізіледі. Онымен бірге өткен жылдың өзінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жерлес ақын-жазушыларымыз Қуаныш Жиенбаев пен Толыбай Абылаевтың 70 жылдық, Ерғали Абдулланың 65 жылдық мерейтойларын өткізуге атсалыстық. Бірлестік мүшелерінің тағы бір табысы өткен жылы Т.Абылаевтың «Алақанымда Арал», балаларға арналған «Кішкентай балық туралы ертегі», Е.Абдулланың «Аралдың адамдары» атты ең¬бектері тиісті баспалардан жарық көрді. Мұнымен бірге бірлестік жанындағы төрт секцияның өз салалары бойынша атқарған түрлі басқосу, кештері өз алдына.
Біздер өз ішімізде бірлестік бойынша жыл үздіктерін айқындап, марапаттап отыруды да дәстүрге айналдырып келеміз. Атап айтсақ, 2022 жылдың қорытындысымен тиісті аталымдар бойынша зергер-шебер Мырзабек Қаныбаев «Жылдың үздік қолөнер шебері», белгілі термеші Зәуре Ізекешова «Жылдың үздік жыршы-термешісі», күйші Сержан Сәрсенбаев «Жылдың үздік күйшісі», еңбек ардагері Мамай Өтемісов «Руханият жанашыры» атанып, тиісті дипломмен марапатталды.
Биылғы жылда да біраз іс-шараларымыз айқындалып тұр. Оның ішіндегі ауқымдысы шығармашылық бірлестіктің құрылғанына және «Арал әлемі» газетінің жарыққа шыға бастағанына бес жыл толуына арналған есептік концерттік бағдарлама, белгілі жерлес ақынымыз Оңталап Базаралиевтің 60 жылдық мерейтойы, тағысын тағылар бар.
Бүгіндері құрылғанына 5 жыл толған «Арал аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік» құрамында бойында тума таланттың бүршігі бүр жарған отызға жуық мүшесі бар, аты аймаққа тараған «Арал әлемі» атты газеті бар үлкен ұжым аталып, аудандағы шығармашылық¬пен айналысатын жандардың өнегелі ортасына, буырқанған бойларына кәусар шабыт құяр құтты шаңырағына айна¬лып келе жатқанына қуаныштымыз.
Жұмабай ЖАҚЫП,
«Арал аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы
11 сәуір 2023 ж. 1 044 0