Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз мінезді текті жазушы еді...

Теңіз мінезді текті жазушы еді...

Ойы теңіздей терең, шабыты теңіздей шалқар, мінезі теңіздей тентек абыз адам, аңыз адам атанған Әбдіжәміл Нұрпейісовтей дарабоз дара жазушымыз 98 жасында арамыздан кетіп, мәңгілік мекеніне оралды.

Ұлы Отан соғысынан солдат шинелімен келген жас жауынгер, жазушы Әбекең қаруын қаламға айырбастап, әдебиеттегі алғашқы қадамын ең күрделі жанр – романнан бастағаны әлемге аян.
Осылай шығармашылығын шыңдаған Әбекең мұнан кейінгі барлық жазушылық жолын Арал халқының, Арал теңізінің тіршілік тағдырымен тікелей байланысты өткізді. Соның айғағындай,  өмірге келтірген "Қан мен тер" трилогиясы "Абай" романынын кейінгі қазақ әдебиетін  әлемге танытқан ұлы туындыға айналды. Мұнан кейін Арал тағдыры бүкіл әлемдік проблемаға айналған шақта "Сең" романын жазып, соның жалғасындай "Соңғы парыз" романымен аралдықтар алдындағы перзенттік соңғы парызын да адал өтеді.
Осындайда әйгілі Әбекеңмен телефон арқылы сөйлескен, әлі есімнен кетпейтін бір сәтімді айта кеткім келеді. Бұл жазушының 90 жасқа келген айтулы кезі еді. Әрі қалада Әбекең атындағы шығармашылық үйі де ашылып, жұмыс істеп жатқан.  Ауданда шығармашылық өкілдерінің басын қосатын қоғамдық бірлестік құрып, оны Әбдіжәміл Нұрпейісов атымен атауды жөн көрдік. Енді оған Әбекеңнің келісімін алуымыз керек. Оны білетін аудан әкіміндегі Бектемірден ұялы телефонының нөмірін алып, сол бойда дереу қоңырау шалдым. Әйел адам көтерді. "Бұл қызметшісі ғой" деді Бектемір. Мен Әбекеңді сұрадым. Телефонда Әбекең... "Асссалаумағалейкум, Әбеке, мен Аралдан Жұмабай деген ініңізбін" деуім мұң екен: "Ой, айналайын, жағдайларың қалай, аралдықтар, ел-жұрт аман ба..." деп менің сөзімді дереу іліп ала әкетті. Болғаннан кейін "Не шаруа?" деді. Мен өз ұсынысымды айттым. Үнсіздік. Әбекеңнің дауысы бірден өзгеріп кетті: "Бұлай болмайды!" деді. Отырып қалдым. Бектемір: "Не болды?" деді. Мен: "Болмады" дедім. Әбекеңнің атаққа, мақтау-марапатқа жаны қас, ондайға қатал адам екенін өз басым сонда көз жеткіздім. Енді, міне, Әбекеңдей айбарлы, арқасүйер әйгілі жазушымыз арамызда жоқ.
Толқында туған, теңіз мінезді текті жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жарқын бейнесі өзінен кейінгі аудандағы ақын-жазушы, бүкіл шығармашылық өкілдерінің жүрегінде мәңгі сақталады дей отырып, аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық ұжымы Әбекеңнің артында қалған ағайын-туыстары мен барша тілеулестеріне қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Жұмабай ЖАҚЫП,
аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік төрағасы
07 ақпан 2022 ж. 461 0