Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Аралдың өнер тарланы" атты кездесу кеші өтті

"Аралдың өнер тарланы" атты кездесу кеші өтті

З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің қолдауымен мәдениет орталығының ұйымдастыруымен "Аралдың өнер тарланы" атты Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының "Құрметті азаматы", "Құрмет орденінің" иегері, ақын-жырау, күйші М. Сыдықовпен кездесу кеші өткізілді.
Кеш барысында Мұрат ағамызбен "Өнердің анасы" атанған "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Базар Қостаеваға қызығы мен қиындығы қатар жүрер өнер жолдарындағы еңбектері, жас ұрпаққа айтылар кеңестері төңірегінде сұрақтар қойылды. Мұрат Сыдықовтың "Сыр гүлі", "Сырдария", "Сүйінші теңіз анам келе жатыр!" сынды әндерімен термелерін аудандық мәдениет үйінің әншісі Қ.Аманова, мәдениет орталығының өнерпаздары З.Изекешова, А.Сүйеуовалар орындаса, жергілікті ақындар А.Темірбай, Д.Аманжолұлы, Д.Тәңірбергеновтер өлеңдерін оқыды.
"Арал әлемі" газетінің редакторы, ақын Е. Абдулланың Базар Қостаеваға арнаған арнау жырын термеші Г.Бейісова орындап, Мұрат Сыдықовтың "Мұраттың төкпесі" күйін күйші Қ.Нұрмаханов жүректі тебіренте орындады.
Кеш соңында Мұрат Сыдықов ағамыз "Арман Арал" атты күйін кеш қонақтарына тарту етті. Кешті қорытындылаған З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы Ж.Жақып пен мәдениет орталығының директоры М.Нұрмағанбетова Мұрат ағамызбен Базар апамызға Алғыс хат тапсырып, иықтарына шапан, жаулық жауып, лебіздерін білдірді.
Шығармашылық бірлестіктің мүшелері Ш.Төлепов, Б.Сәдуақасов, А. Елештер кеш қонақтарына шығармашылық шабыт тілеп, ақжарма тілектерін арнады.



Е. АБДУЛЛА
15 сәуір 2021 ж. 519 0