Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » З. Шүкіров - 95 жыл: Бірлестікке біріге түсейік

З. Шүкіров - 95 жыл: Бірлестікке біріге түсейік

Менің қолымда қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің 2003 жылы Алматы қаласы "Аркас" баспасынан Алпысбай Шүкіровтің ұйымдастыруымен жарық көрген "Тоғысқан тағдырлар" кітабы. Мұнда жазушының 11 әңгімесімен бірге "Тоғысқан тағдырлар", "Бағдагүл" повестері еніпті. Кітап Қазақстанның  халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың 1962 жылы жазған "Кіршіксіз жандардың көңіл күйлері" тақырыбымен берілген "Қаламгер досқа хат" атты жүрекжарды лебізімен ашылыпты. Әбу қарт Каспийдің тумасы болса, Зейнолла Аралдың толқынында туған талант. Екеуінің бойында да, ойында да, тіпті қанында да егіздің сыңарындай бір ұйқастық бар, ол – теңіздің кермек дәмі мен толқымай тұра алмайтын  теңіздің мінезі. Тентек теңіз жайлы, теңіз тарландары жайлы жазу екеуіне де ортақ тақырып, ортақ әлем. Әбу Сәрсенбаевтың "Толқында туғандар" романы да соның айғағы.

Сонда Әбу ақсақал Зейноллаға не дейді дейсіздер ғой: "Зейнолла ұлым, "Тоғысқан тағдырларыңды" екінші рет оқып, әлгіде ғана аяқтаған едім. Қазір осы бір көлемге шағын да көңіл күйіне бай, шын мағынасындағы лирикалық дастаныңның арманшыл да сезімтал кейіпкерлерімен шүйіркелесіп сырласқандай, үлкен толғаныс үстінде отырмын. Я, я, адал шыным! 
"Тоғысқан тағдырлар" бізге шалқар теңіз жиегіндегі балық өндірісінің үлкен панорамасын аралатудан басталады" дей келіп, шығарма кейіпкерлерімен жеке-жеке танысып кете барады.
Зейнолла – ақын. Ақын болғанда да теңізін тағдырынан бөлектемеген, теңіздей тебіренген, теңіздей толқыған, шалқыған ақын. Ол қандай бір өлең жазса да, тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіредей, теңізіне бір соқпай тынбайды, теңіз боп ойланады, теңіз боп армандайды, теңіз боп сағынады. Оның "Арал" деген өлеңінде:
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Теңізше жаным кең шалқып,
         Теңізше толқып қалам мен.
         Тартыппын, теңіз, саған мен,– деуі де  осы ойымыздың айдай анық айғағы болмақ.
"Қиын түйін" кітабының беташар сөзінде жерлес ақынымыз, Франц Кафка атындағы Халықаралық "Алтын медаль" сыйлығының лауреаты, марқұм Шөмішбай Сариев: "Шынында да ақын Зейнолла Шүкіров қазақ поэзиясының ұлы жүректі тұлғасы. Ол – ұлы Тұран ойпатындағы теңіз перзенті. Содан да болар, тұла бойы тұнған сағыныштан жаралған  ақын" деген болатын.
Ондап саналатын өзге қаламгерді айтпасақ та, осы екі пікірдің өзі Зейнолла Шүкіровтің жазушылық және ақындық еңбектеріне берілген әділ баға екені белгілі.
Әдебиет әлеміндегі өз топырағымыздан шыққан осындай дара тұлғаларымызды қалай мадақтап, қалай дәріптесек те артық болмайды. Сондықтан да Аралдың шығармашылық өкілдері Зейнолла үшін жаңа игілікті қадам жасап отыр.
Сөзіміз дәйекті болу үшін басынан бастап айтайық. Өткен ғасырдың 80-жылдары Аралдың әдебиет сүйер қауымы өз алдарына дербес үйірме ашып,   ақын-жазушыларымыз бас қосып, жаңа туындыларын ортаға салып, өзара пікірлесіп, жақсы бастама көтерген болатын. Бұл әдеби үйірмеге Зейнолла Шүкіров есімі беріліп, оған ақын Мешітбай Құттықов жетекшілік жасады. Оның құрамында Әмірәдин Әленов, Сағындық Тұрдалиев, Серік Сейтмамғамбетов, Толыбай Абылаев, тағы басқалар болды. Бұл үйірме Кеңес Одағы тарағаннан кейін нарықтық қатынасқа ілесе алмай, өз жұмысын тоқтатты. Бірақ қайткенде де бас қосатын әдеби орталық ашу мәселесі шығармашылық өкілдерінің күн тәртібінен түскен жоқ.
Сонымен 2016 жылы Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігі жаңарып, қайта құрылды. Бұл бірлестік бұрынғыдай тек ақын-жазушылардың ғана емес, сазгер, суретші, қолөнерші, жыршы-термешілерді де біріктірген шығармашылық орталық болып қалыптасты. Бірлестіктің он бір адамынан алқа мүшесі құрылып, жарғысы жасалды. "Арал аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік" қоғамдық бірлестігі болып аталып, облыстық әділет басқармасында тіркеуден өтіп, заңды үкіметтік емес ұйым болып құрылды. Банктен арнайы есепшот ашылды.
Бірлестік мүшелерінің жаңа туындыларын тұрақты жариялап тұру үшін өз алдына дербес газеті болуы шарт. Бұл бойынша да біраз жұмыс істеуге тура келді. Біршама ізденістің нәтижесінде шығармашылық бірлестік жанынан шығатын "Арал әлемі" газеті 2017 жылдың мамыр айында оқырмандарымен қауышты. Жаңа газет "Әдебиет әлемі", "Мәдениет әлемі", "Білім әлемі, "Туған жер әлемі", "Әзіл әлемі", тағы басқа да алуан айдарлардың әлемін ашуына байланысты "Арал әлемі" атанды.
Қазір шығармашылық бірлестікте жазушылар, ақындар, суретші, қолөнершілер, сазгерлер, жыршы-термешілер деп аталатын бес секция жұмыс істейді. Әр секция өз жұмыстарына сай оқырман-көрермендерімен кездесу, басқосуларын өткізіп отырады. Әсіресе бірлестік мүшелері аудандық мәдениет орталығы, З.Шүкіров атындағы мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана ұжымдарымен бірлесе отырып, Зейнолла Шүкіровтің туған күнін жыл сайын жаңа мазмұнда атап өтуді дәстүрге айналдырған. Өткен жылы аудан сазгерлерінің, ақындарының кездесу кештері мен басқосулары сәтті өтті. Бірлестік мұндай шараларды биыл да жалғастыра отырып, келешек "Арал ақындарының антологиясын" және жас ақындарымыздың  Зейноллаға арнаған жыр жинақтарын шығаруды да жоспарлап отыр.
Қорыта келгенде, қайсар қаламгер есімін еншілеген қоғамдық бірлестіктің шығармашылық  өкілдері Зейнолла, Арал, туған жер тақырыбындағы тың туындыларымен оқырман-көрермендерін қуанта береді деген сенімдеміз.  Сондықтан да талант иелерін шығармашылық  бірлестікке топтаса, біріге түсейік демекпіз.
Жұмабай ЖАҚЫП,
аудандық Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік төрағасы
16 ақпан 2022 ж. 1 171 0