Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туындылары шетелдіктерді тамсантқан

Туындылары шетелдіктерді тамсантқан

     Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
                                                                                                                                                              Н.Назарбаев.
Қазақ даласының бұрқыраған жусан иісі мен өріске  аяңдай басқан төрт түлігінің кешкі уақыттығы қарбалас көрінісімен тыныс алған  ауылда кішкене ғана қара домалақ бала  өмірге келді. Балалықтың балдәурені  ауыл шетін шаңдата  жүгірген төрт түлікпен және тезектің шоғына қайнаған қара қазандағы тойып ішер ағарғанның тәтті дәмімен,  жылқы шабысына қаныққан бала арманы сан қиялдардың ақша бұлттарымен көк жүзін шарлады. Сол арманның буырқанған күші  қара баланың қолына қылқалам ұстатты. Талантын табиғатынан беріп,талабының ұшталуы оның еңбексүйгіштігінен болса керек. Бұл бала – Берік Қосайұлы Бөкешов еді.
     ...№59 Қарақұм орта мектебінің 1-сыныбына қабылданған оның бар ойы бояуда болады. Бұл жөнінде шәкірттерінің алды ғылым докторы атанған, Беріктің алғашқы ұстазы Гүлтұрсын Күлпейісова: «Бұл отбасының ұл-қыздары оқуға шеттерінен алғыр болды. Салмақты мінезді Берік те сабақты жақсы оқыды. Өзге балалар ойнап жатқанда, түрлі-түсті қарындаштарын алдына жайып салып, ақ қағазға сурет салып отыратын ойлы қалпы бүгінгідей көз алдымда. Сол кездің өзінде «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналына суреттері жиі жарияланатын» дейді.
Кеңшарында құрылысшы болып жұмыс істей жүріп, 1981 жылы Мәскеу  Өнер институтының көркемсурет факультетіне сырттай оқуға түскен ол, 1983 жылы әскер қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеп келген соң, оқуын ойдағыдай аяқтап, әрі қарай білімін жетілдіруді көздеп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының  бейнелеу өнері және сызу факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолынАрал қаласындағы мектептерде сурет пәнінің мұғалімі болып бастап, талай дарынды суретшілердің  талабын ұштады.  Майталман  қылқалам шеберлері Шәкірбек Сәменов және Аманкелді Кененбаевтарден тәлім алған суретші Одан соң, Оқушылар үйі мен аудандық балалар өнер мектебінде бейнелеу өнері пәнінің мұғалім және үйірме жетекшісі ретінде жас ұрпаққа   ұлттық құндылықтарды меңгертуде аянбай тер төге білді.
          Менің Б.Қосайұлының бейнелеу өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы туралы «Сырлы бояумен сырласқан өмір» атты ғылыми жобаны қолға алуыма ұстазым Мариякүл Нарегееваның ықпалы мол болды. Түрлі тақырыптағы туындыларымен танысып, өзімше ой түйдім. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Берік Бөкешовтің «Жайнай бер, Қызылорда!» атты  республикалық суретшілер симпозиумында «Қорқыт  ата» шығармасы ерекше көзге түсті.  Бұл суреті «Кесекпен салу» тәсілі арқылы салынған еді. Ал, мұндай тәсілді қолданатын суретшілер елімізде некен-саяқ. Тағы бір байқағаным, суретші өз композициясында барлық нысандарды суреттеу үшін, биік көк жиекті белгілеп  қояды. Бейнелеу өнеріндегі өзіндік ерекше әдіс тәсілдеріқылқалам шеберінің  ерекше образ беруіне жол ашады. Қылқалам шеберіөзінің еңбектеріндеқайталанбас  кескіндеу әлемі арқылы  адам жанының  құпия қалтарыстары мен  жан толғаныстарына да саяхат жасай алатынын дәлелдегендей.
                 Қазақ бейнелеу өнеріне зор үлес қосқан суретші Ә.Қастеев атындағы Алматы мұражайында Б.Бөкешовтің «Сырласу», «Аққұм» атты туындылары, ал Қызылорда облыстық мұражайында жиырмаға жуық шығармалары қойылған. 2008 жылы Байқоңырда, 2011 жылы Ақтау қаласында халықаралық деңгейде шығармашылық көрмесі өткізілді. Сырлы бояудың сырына бала кезінен қаныққан суретші бүгінде үш жүзден астам туындының авторы. 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Аралдың асау толқыны» атты жеке сурет көрмесі өтті. Көрмеге суретшінің 60-тан астам туындысы ұсынылған.
         Бүгінде суретшінің туындыларын республикалық мұражайлардан да көруге болады. Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі бейнелеу өнері десек, сол әлемнен ойып тұрып орын алып, сырын сурет әлеміне сыйғызып сезімін сурет арқылы адамзат жүрегіне жеткізіп жүрген қылқалам шеберінің қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар. Қайталанбас туындылары мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақтала отырып, эстетикалық тұрғыда рухани әсер сыйлайтындығын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемов те жоғары бағалады. Өнер жолындағы ұстазы әрі сырласы, тілекес ағасы Құдайберген аға: «Шығармашылық жеке көрмеңнің облыс көлемінде халықтың зор ықыласына бөленіп, жоғары деңгейде өткенін көріп, шексіз қуанышта болдым. Ризамын» депті.
         Аралдық қылқалам шебері Берік Бөкешовтің туындылары бүгінде Дания, Германия, Израйль, Жапония, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінде жеке коллекционерлер қорында сақтаулы. Ал, туған жерінде, яғни әлем таныған Аралда суретшінің туындылары халық тамашалайтындай орынға қойылса қандай керемет болар еді.
Ұлпан Көлдеева,
№220 орта мектептің оқушысы.
19 ақпан 2019 ж. 1 178 0